Қашықтан оқу оқушы, мұғалім және ата-анаға да оңай болмай тұр. Осы орайда педагог-психолог, ЮНИСЕФ және ДСМ республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының ұлттық жаттықтырушысы Жұлдыз Махатаева ата-аналарға қашықтан оқуға бейімделуге қатысты кеңес берді.
Қашықтан оқу уақыты әдеттегі мектептегі оқудың уақытымен сәйкес келгені жөн. Оқушы уақытылы ұйықтап, сабақ отып, тамақтанып, далада ойнап, қалыпты әдетінен жаңылмауы керек. Сабақ оқу уақыты күннің бірінші жартысы болса құба-құп. Дегенмен, баланың жасына, оқу жүктемесіне, үй тапсырмаларының көлеміне қарай бейімдеуге болады.
"Визуализация техникасын қолданып үйреніңіз. Бұл техниканы кез келген адам маман көмегінсіз-ақ орындай алады. Ол үшін бала өзін мектептемін деп елестете алуы керек. Мектептегіге ұқсас жағдай жасауға да болады. Сонда мектеп атмосферасын сезіне алған бала үшін оқуда көп қиындық болмайды", – деді Жұлдыз Махатаева.
Дұрыс ұйымдастырылған күн тәртібі сабақ оқуға ғана емес, демалуға, көңіл көтеруге, басқа да істерді жоспарлауға мүмкіндік береді.
Оқи отырыңыз: Оқушылар бірінші тоқсан аяғына дейін қашықтан оқиды. Денсаулық сақтау министрі мектептерді ашуға неге қарсы?
Қашықтан оқуға бейімделу жолдары
Балалардың физикалық және шығармашылық белсенділігін ынталандыру
Оқушылардың жазғы демалыстан кейін қалыпты режимге оралуына уақыт керек. Сондықтан балаларды бұрынғы әдетіне, бұрынғы дағдысына ынталандыру маңызды. Үйді тазарту, жаттығу, ән айту, би билеу сияқты қызығатын істермен физикалық белсенділікті ынталандыру керек.
Баламен әңгімелесу арқылы оның немен шұғылданғысы келетінін анықтауға тырысыңыз. Оның шығармашылық қол еңбегіне де қолдау білдірген жөн. Балаға сурет салу, қолөнер бұйымдарын жасау өзін тыныштандырудың әдісі болуы мүмкін. Сондықтан баланың айналысатын ісіне әрдайым құрметпен қараған дұрыс. Сол кезде бала стресс жағдайларға тезірек бейімделеді.
Баланы жақын адамдарына, үй жануарларына қамқорлық жасауға ынталандыру қажет. Қамқорлық – стресті жеңуге көмектесетін қосымша ресурс. Позитивті энергия көп болған жерде негатив азаяды.
Жұмыс орнын ұйымдастыру
Балалар мектепте болмағандықтан оқуға дұрыс көңіл бөліп, білім алуы үшін сабаққа қажет дүниенің бәрі қолжетімді болғаны маңызды. Сабақта қолданбайтын гаджеттерді басқа бөлмеде қалдыру керек. Бала сабақты қабылдауы үшін басқа дыбысқа алаңдамағаны жөн. Үй жануары болса, оның оқушы сабақ оқитын бөлмесіне кіруін шектеу керек.
Бөлмеде сағат балғаны жөн. Ол оқушының өз уақытын дұрыс ұйымдастыруына көмектеседі.
Ал сабақ оқитын жеке бөлме болмаса, пердемен бөлу және арнайы үстел қою арқылы сабақ оқу аймағын ұйымдастыруға болады.
Сабақ арасындағы үзіліс
Балалар мектептегі сияқты үйде де үзіліс уақыты барын сезінуі керек. Мектепте қоңырау болса, үйде оған мүмкіндік жоқ. Сол үшін оятқыш сағаттың көмегімен күн тәртібін белгілеп, үзіліс жасауға болады. Бір үзілісте дене және көз жаттығуын жасап, келесісінде жай демалып, енді бірінде су мен жеңіл тамақ ішіп, үзілісті түрліше өткізуге болады. Бұл оқушыны жалықтырмайды және жақсы оқуға ынталандырады. Үзілістің болуы, әсіресе, бастауыш сынып оқушыларына маңызды.
Оқи отырыңыз: BilimLand, Daryn.Online, Opiq және өзге онлайн оқу платформалары. Қолдану нұсқаулығы
Мазасыздану мен жылау – сабақтан жалығудың көрінісі
Ата-ана баланың психологиялық жас ерекшелігіне назар аударуы керек. Өтпелі кезеңдегі жасөспірімдер мен бастауыш сынып оқушыларымен сөйлесу мүлде бөлек.
Балаңыз бастауыш сыныпта оқыса не балабақшаға барса, онымен нақты мазмұнды бір нәрсемен айналысқан дұрыс. Баланы құшақтау, оған мейірім көрсету ешқашан көптік етпейді. Төменгі сыныпта оқитын бала сабақ оқып жатқан кезде жанында ата-ана не ересек адамның болғаны дұрыс.
Көп жағдайда олардың мазасыздануы не жылауы – жалығу мен зерігудің көрінісі. Ондай кезде баланың көңілін міндетті түрде басқа нәрсеге аударып, сабақты қызықты жаттығуларды араластырып отырған абзал.
Жасөспірімдер телефонды сабақтан тыс көп пайдаланады. Оларда мазасыздық, стресс, үрей белгілері де жоғары дәрежеде байқалады. Сабақ оқып, мәліметтер іздеу үшін телефон қолдану қажеттілігі туындап отыр. Сабақтан тыс уақытын телефонға үңілумен өткізгеннен гөрі ата-ана баламен сырлас дос ретінде сөйлесіп, блог жүргізуге, ерікті болуға үгіттегені дұрыс.