Тікелей эфир

Қазақ малы терісінің пайдасын қырғыз бен қытай көріп жатыр. Ал қазақ теріні өңдемек түгілі, былғарыны ажырата алмай қалды

“Elit Leader”ЖШС жеке мұрағатынан алынды
“Elit Leader”ЖШС жеке мұрағатынан алынды
Көпшілік италиялық былғары аяқ киімге құмар. Бағасы удай болса да, соңғы тиынына сатып алып жатады. Сондай өнімді неге өзіміз шығара алмай отырмыз?

Аяғыма кигенім былғары етік, сәулем-ай,

Аяғымнан барады ызғар өтіп, сәулем-ай, – дегендей, күн суысымен жұрт сапалы етік іздеуге кіріседі. Таза былғарыдан жасалған аяқ киімді кімнің кигісі келмейді. Бірақ бағасы аспанда болған соң, амал жоқ арзанын таңдауға мәжбүр.

Ал елімізде былғары етік тігу қолға алынса, жарты бағасына сатылар еді. Өйткені тері шикізаты бізде жетеді.

Өкінішке қарай тері өңдеу саласы дамымай тұр. Шетелдік тауар деңгейіне неге жете алмай отырмыз?

Оқи отырыңыз: Мал ұрлығы үшін жаза күшейеді: айыппұл мөлшері 7,5 млн теңгеге артпақ

Кеше тері илеп, былғарыдан тон тігіп, саптама етік киген қазақ, бүгін былғарыны түстеп тани алмайтын күйге түсті.

Көшке ілесе алмағандығымыздан бұрын ұлттық танымымызды жоғалтып алыппыз. Теріні өңдеу туралы түсінігіміз қандай еді? Осы сауалдардың жауабын іздестіріп көрдік.

"Күдеріден бау тағып, Кіреуке киер күн қайда?"

Осман империясы мен Кашемирге өнімімізді тасымалдаған бабаларымыздың ізін жалғай алмай отырмыз. XVI ғасырда өмір сүрген Доспамбет жырау "Күдеріден бау тағып, Кіреуке киер күн қайда?" десе, беріде Ақтамберді жырау (1675-1768) "Күдеріден бау тағып, ақ кіреуке киер ме екеміз" дейді. Бұл жердегі "күдері бау", "кіреуке" дегеніміз не? Ол үшін "Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесіне" жүгіндік.

Оқи отырыңыз: Моңғолияға сапар: мұндағы қазақтар қазір мал төлдетіп, уыз жеп, көктеуде отыр

"Күдері бау" тіркесі теріден жасалған бау деген мағынада қолданылған. Ал, кіреуке – әбден иі қанып жұмсартылған бұғы, бұзау терілерінен иленіп, өңделген былғары. Ол жұмсақ, әрі беті барқыт тәрізді түкті болады екен. Жұмсақ болғанымен оңайлықпен жыртыла қоймайды. Күдеріден сырт киім, аяқ киім, қолғаптармен қоса сәнді киімдер тігілген. Оқалы, кестелі, жарғақ шалбарлар және шапан, тұскілем тігу қазақ қолөнерінде кеңінен таралған.

Тері илеуді қазақ "беске" білген еді

Жаңа сыпырылған теріні атамыз "буы бұрқыраған" деп атағанын естіп өстік. Теріні өңдеу әдісін қазақ шебер меңгерген еді. Ең алдымен, малдың терісін денесінен ажыратып алғанда асқан ептілікті қажет етеді. Көлеңкеде сәл ғана кептіріп қояды.

Ал күдерінің басқа былғары түрлерін жасаудағы ерекшеліктері бар.

Оқи отырыңыз: Құрбандыққа малды қайдан алып, қалай шалған дұрыс?

"Біркелкі таңдалынып алынған теріні суға жібіткен соң, әк пен күлге суға құйып, қою етіп араластырып дайындаған ерітіндіге терілерді 4-10 күнге салып қоятын да болған. Терілер қопсып, ісініп, қыртысы әжептәуір қалыңдай түседі екен.

Терілерді ерітіндіден алып, мұқият тазалап жуған соң, жүзі доғал, өткір ұстарамен жүнін өте жұқа тері қабатымен қоса қырып алады. Сонда ғана шара майы толық сіңеді.

Жүнінен айырған теріні тағы да әкпен жібітіп, бір-екі күн ұстайды. Содан кейін ағын суға тағы бір-екі күн салып қойып, әгі әбден кеткенше жуып тазалайды.

Кейбір жағдайда тері салған суды жиі ауыстырып отырады. Сондай-ақ, талқыға салу немесе қолмен уқалау тәсілімен әкті кетіреді. Мұнан кейін теріні ашыған айран мен кебек аралас иде ұстайды. Бұл шара терінің құрамындағы әктің қалдығы қалмай, тері ақжемделіп, сөлі кету үшін жасалады.

Сонан теріні тағы да жақсылап жуып, күнге қарсы қойып қарайды. Мұндайда терінің әгі кетпеген жерлері ала-құла болып көрініп тұрады. Егер ала тұстары болса, ол толық кеткенше қайта-қайта жуады.

Сонан кейін суын сорғытып біраз дегдітеді. Дегдіген теріге жылқының іш майын бірнеше дүркін жағады. Аппақ тері қою сары түске енеді. Қышқылтым ерекше иіс пайда болады.

Осыдан кейін теріні күнге қарсы ұстап тұрып, сары түстің алабажақтанбай біркелкі болуын қадағалайды. Біркелкі болған терінің артық майын сығымдап басып кетіреді де, майдың артық қалдықтарын сақар еріткен немесе сабынды сумен жақсылап жуып кетіреді.

Міне, осы теріні кептіріп алғаннан соң, қыртыстарын жазады. Күдері басқа қайыс түрлеріне қарағанда ылғал, суық және ыстыққа өз әсерін жоғалтпайды", – делінген энциклопедияда.

Сарғыш түсті күдеріден ер адамның мәсісін жасайтын болған екен. Тұмсығы үшкіл, қайқы тұмсық болу үшін алдыңғы бөлігін ұзын етіп пішіпті. Бүгінде бәрі өзгерді. Технология қарыштап дамыған заманда құрал-саймандардың әсерінен жылдам дайындалады. Нарықтың сұранысына жауап бере алмағанымыздан, көштен қалып қойдық.

Тері қабылдайтын арнайы орындар жоқ

– Ауылдық өңірлерде теріні қабылдайтын орындар жаппай жабылған. Мал сойған жұрт терісін қоқысқа лақтыруға мәжбүр, – дейді Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданы, Құлан өңірінің тұрғыны Рауан.

Өңделмеген теріні жинағанмен, сақтауға келмейді, сапасы тез нашарлап кетеді екен. Қалаға өткізуге алатын құны мардымсыз. Жол шығынын өтемейді.

Бірақ тері өңдейтін фабрикаларда тері тапшылығы қатты сезіледі. Бір-біріне қарама-қайшы фактор.

Ауылшаруашылық министрлігі жауап хатында қазіргі уақытта тері қабылдайтын арнайы орындар жоқ дейді. Ал қайта өңдеу кәсіпорындары делдалдар арқылы тері жинауды өздері ұйымдастырады.

Тері арзан, ал одан жасалған бұйым қымбат

Тараз қаласындағы тері қабылдайтын орындарда терінің бағасы:

Қой терісі – 200 теңге (ақ қойдың терісі қымбатырақ);

Сиырдың терісі – 2500 теңге;

Бұқанікі – 7500 теңге;

Жылқынікі – 1000 теңге;

Бұл – делдалдар белгілеген баға. Теріні өңдейтін кәсіпорындардың қабылдау құны сәл жоғарырақ.


Ірі қара малдың терісінен жасалған сөмкенің бағасы – 26 000 теңге

Ірі қара малдың терісінен жасалған сөмкенің бағасы – 26 000 теңге / Фото әлеуметтік желіден алынды


Жыл сайын елімізде 2,5 млн-ға жуық ірі қара мал сойылады

Соның отыз-ақ пайызын өзіміз өңдеп шығарады екенбіз. Сонда 70 пайызы қайда кетіп жатыр?

ҚР Инновация және даму министрлігінің жеңіл өнеркәсіп басқармасының бас сарапшысы Айжан Әділованың айтуынша, еліміздегі өңделмеген терілердің басым бөлігі Қытай, Қырғызстан асып жатыр. Сол себепті өзіміздің былғары кәсіпорындарына шикізат жетіспей жататын көрінеді.

Бірақ, бұл статистикада тіркелмеген. Осы фактілерді Қазақстанның былғары шикізаты мен тері өңдеушілер ассоциациясы да растайды.

Осылайша бар шикізатты өзгеге беріп, өзіміз солардың өңделген өніміне тәуелді болып отырмыз. Бұл тығырықтан қалай шығу керек?

ҚР Инвестициялар және даму министрлігі 2016 жылғы бірінші қарашасынан бастап ҚР аумағынан ірі қара малдың өңделмеген терісін әкетуге тыйым салған еді. Бірақ бұл бұйрық 2017 жылдың бірінші мамырына дейін қолданыста болды.

Теріні сыртқа әкетуге тыйым салынады

– Қазіргі уақытта теріні әкетуге тыйым жоқ. Ал осы алты ай ғана мерзімде жергілікті кәсіпорындар тері өңдеу мөлшерін едәуір ұлғайтқан. Дегенмен бар мүмкіндікті пайдалануға мерзім қысқа болды, діттеген мақсатқа қол жеткізе алмадық, – дейді Айжан Әділова.

Біріншіден, теріні көп мөлшерде сатып алуға мүмкіндік болмаған. Себебі айналымда қаражат жоқ, жетпейді.

Екіншіден, еліміздегі жеңіл өнеркәсіптің 80 пайызы жаңа технологияларды қолданады. Бірақ бұл өнеркәсіп көлемін арттырғанда ғана жоғары нәтиже береді. Болашақта "Бизнестің жол картасы – 2020", "Рухани жаңғыру" бағдарламалар аясында құрал-жабдықтарын жаңартуға мүмкіндік қарастырылған.

Үшіншіден, өңделмеген терілердің сыртқа көптеп өтіп кетуі салдарынан жартылай өңделген фабрикаттарға деген сұраныс көлемі төмендеген.

Әйтпесе, 2013 жылы өңделген 1 260,2 мың дана ірі қара мал терісі Қырғызстанға экспортталған еді. Қуанғанымыз соншалықты, шәпкімізді аспанға лақтырдық.

Ал 2015 жылы 118,7 мың ғана ІҚМ терісі экспортталыпты. Салыстырып көріңіз. Қаншама азайып кеткеніне көз жеткізесіз. Мәселе – өңделмеген терілердің сыртқа қолжетімді түрде тасымалданып жатқандығында.

Қазіргі уақытта Атамекен Ұлттық кәсіпорындар палатасының өтінішімен, министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, теріні әкетуге тыйым салуды қайта енгізу мәселесі қарастырып жатыр. Енді тері кәсіпорындарына айналымдағы ақшасын молайтатын жолды алдын ала қолға алу керек.

Тері өңдейтін ірі кәсіпорындар мүлдем аз

Үстіміздегі киіміміз, тұтынып отырған өніміміз, аяғымыздағы етігіміз де шетелдікі. Әрбір азамат қолжетімді бағамен отандық өнімді тұтынатын болсақ, еліміздің дамуына үлес қосар еді деп дабыл қағамыз. Бірақ, әлемдік фабрикалармен иық тірестіруге бізде, әзірге, қабілет жоқ.

Себебі, тері өндірісімен айналысатын 113 кәсіпорынның 95 пайызы шағын. Сонда оншақты ірі кәсіпорын ғана тауарды экспорттай алады. Тізбелеп айтар болсақ: ТаразКожОбувь, Алматы былғары зауыты, Петропавл былғары зауыты, Туран скин, КазЛидерМех, ПошРуно т.б. Оның ішінде Семей былғары-үлбір комбинаты енді ғана аяғынан тұрды.

Вет-блю, краст деп аталатын былғары жартылай фабрикаты Қытай, Италия, Түркия елдеріне экспортталады.

Экспорт, импорт бойынша Ауылшаруашылық министрлігінің мәліметіне жүгінсек

Олар жіберген Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің мәліметі бойынша, 2017 жылдың 9 айында республикада 1 894,8 мың дана ірі қара мал терісі өндіріліпті, бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,5% артық (1 812,9 мың дана). Экспорт көлемі 1,1 мың тонна.

Есепті кезеңде ірі қара мал терісінен немесе жылқы тектес жануарлардың терісінен жасалған түгі жоқ былғары өндірісі 64 321 мың квадрат дм құрап, 2016 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16,7% төмендеген (77 276,3 мың квадрат дм).

2017 жылдың 8 айында 64 мың тері сыртқа, экспортққа шығарылған. 93% немесе 59,5 мың данасы Қырғызстанға, қалған 7% РФ жөнелтілген.

Аталмыш кезеңде ІҚМ терісінің импорты 129,7 мың дана болған. Негізінен ресейдікі.

Зауыттағы таза былғары аяқ киімнің құны базардағы "дермантин"-мен бірдей

Бар болғаны 5000 бастап 17 000 теңге аралығында таза былғарыдан жасалған аяқ киімді зауыттың жанындағы арнайы дүкенінен сатып алуға болады.

"ТаразКожОбувь" кәсіпорнының бас маманы Нұрбахыт Сұраншиеваның айтуынша, теріні жергілікті ірі қара мал өсіретін кәсіпкерлерден және Ресей Федерациясынан сатып алады. Салмағына байланысты бір терінің құны әртүрлі. Бірінші кезекте терінің салмағына мән беріледі. Тілімдері мен ақауларына, яғни сапасына назар аударылып, одан кейін теріні сортына қарай бөледі.

Өндірістің аты айтып тұрғандай, ірі қара малдың терісінен жасалған былғарыдан аяқ киім тігеді екен. Айына 15 000-20 000 пар. Тері өңдейтін жабдықтар Италия, Түркия, Кытай елдерінен, аяқ киім тігетін – Италия, Германия, Австрия, Қытай елдерінен әкелініпті.

– Еліміздегі ірі компаниялармен тікелей жұмыс жасаймыз. Және Қырғызстан, Ресей елдеріне өңделген тері мен аяқ киім экспорттап жатырмыз", – дейді Нұрбахыт Сұраншиева.


Өңделген теріні арнайы дүкен сөрелерінен, зауыттан тікелей тапсырыс беріп аласыз / Фото "ТаразКожОбувь" кәсіпорнының жеке мұрағатынан алынды


Ірі қара малдың терісінен қанша аяқ киім шығады?

Бір ірі қара малдың терісінен:



7 жұп ерлер туфлиі,


5 жұп қысқа қонышты ерлер етігі,


3 жұп ұзын қонышты ерлер бәтеңкесі,


2 жұп ұзын қонышты ерлер етігін жасауға болады.

Отандық өнім деп қуанып жүргеніміздің көбісі Моңғолияда жасалып жатыр

Қазақы оюмен көмкерілген әмиян, сөмке, сағат, белдікті көріп, төбеміз көкке жеткендей қуанамыз. Ұлттығымызды ұлықтайтын дүниелер екендігі рас. Бірақ сол өнімдердің барлығы Қазақстанда жасалып жатыр ма?

Сөйтсек, Моңғолиядан келіп жатқан дүниелер екен. Осының өзін өз елімізде шығара алмай отырғанымыздың да себептері бар.

Астана, Алматы қаласындағы "Khan Mura" дүкенінің менеджері Нешелдің айтуынша, тауарлар Моңғолиядағы фабрикадан әкелінеді. Ол жақта жұмыс күші мен шикізат көзі арзан. Өнімнің құны қолжетімді.

– Мысалы, бізде Есік қаласынан шағын цех ашып көрдік. Ол жерде тек әмиян ғана шығарамыз. Қызметкерлерді қабылдайын десек, тері илеу әдісін білмесе де, еңбек күшін жоғары бағалайды. Сол себепті сауда жүрмей тұр, – дейді Гүлжайна.

"Ұлттық брендті қалыптастыру жолын қарастырып жатырмыз"

Былғары өнімін тұтынғымыз келсе, әп-сәтте игеріп алуға болады. Мұны Астана қаласындағы "Арлан" шағын кәсіпкерліктің басшысы Самғау Нәсіпхан дәлелдеп келеді.

Табыс табудың басты формуласы – тәжірибе болса, Самғау аға осы салада жеті жыл қызмет етіп жүр. Еңбек тәжірибесін Өскемен қаласынан бастаған. Астана қаласының іргесіндегі Қараөткел ауылының әкімі Айнагүл Көмбайқызының тікелей қолдауымен жер алып, 10-15 адамды жұмыспен қамтитын цех салып жатыр.

Ол жерде аяқ киім ғана емес, сөмке, түрлі аксессуарлар жасалатын болады деген жоспары бар. Соның жанынан дүкен ашылып, әлеуметтік желі арқылы жаппай сатылымға шығарылады

Самғау Нәсіпхан қазақы былғары бұйымдар өндірісінің қарыштап дамитынына сенімді.

Табаны көн теріден жасалған аяқ киімді таңдауға тырысыңыз

Аяқ киімге көбінесе сиыр терісі қолданылса, арасында ешкі терісінен де жасалатындары бар. Сапалы, жеңіл, әрі жұқа, жұмсақ болып келеді. Көктемгі аяқ киіммен қатар, қыстық етіктерді де тігуге болады. Ондай жағдайда ішіне қойдың терісін пайдаланады. Жылқының терісінен көбінесе "пималар" жасалғандықтан, фабрикаларда жиі қолданылмайды.

Былғарыдан жасалған аяқ киімді таңдағанда, әуелі табанына мән беру керек. Табанына көн теріні пайдаланамыз. "Көн тері" дегеніміз – сиырдың жармаған жон терісін айтады. Ерекшелігі – аяққа су тартқызбайды, түрлі мүңкіген иіс шығартпайды.


Аяқ киімдерге сынық мүйіз оюды жиі салады / "Арлан" ЖШС жеке мұрағатынан алынды


– Италиялық былғарылар неге қымбат? Біріншіден, табаны көн теріден сапалы етіп жасалған. Ал, екіншіден, жарнама арқылы бренд атауын шегелеп алған. Біздің етіктер де 50-60 мыңнан басталатын италиялық өнімнен қалыс емес. Соның жарты бағасына жоғары сортты былғарыдан жасалған етікті сатып аласыз, – дейді Самғау Нәсіпхан.

Ол кезінде Түркияға тері бұйымдарын алғаш апарған қазақтар бүгінде көштен неге қалып қойды деп, оның себебін іздеп көріпті.

– Әлемді аузына қаратқан, миллиардтаған кіріс болған "Nokia" телефон шығаратын алып компания банкротқа ұшырады. Неге? Заман талабына сай құралдармен жұмыс жасамағандықтан, сұранысқа ие болмай қалды. Сол сияқты біздің тері саласы да осы себептен тұралап тұр.

Дамымай қалған соң, қазақта тері илеу әдісі ұмытылып қалды. Және теріден өнімді жасау бір бөлек, ал сауда – бір бөлек өнер. Бейнелеп айтсақ, дамыған елдерде комбайнмен орып жүргенде, біз әлі күнге дейін шалғымен шөп шауып, орақ орып жүрміз.

Халықтың сауаттылығы көтеріле бастағандықтан, тері өнімдеріне сұраныс арта бастады. Кәсібін дамытқысы келетін әрбір жанның білімді болғаны жөн. Әйтпесе көштен қаласың. Сол себепті, маркетинг саласындағы түрлі кітаптарды оқып, білімімді жетілдіріп жатқан жайымыз бар", – дейді Самғау Нәсіпхан.

Қой терісінен құрақ көрпеше жасап отырғандар бар

"Elit-Leader" шағын кәсіпорнының директоры Дархан Байменов қой терісінен қандай өнім болса, соның бәрін жасау қолдарынан келетіндігін айтады.

Кез-келген тауардың бағасын 1 дм – 120 теңгемен өлшейді екен. Сонда 1 дм = 10 см бар. Яғни 2,5 метр құрақ көрпешелерді алғыңыз келсе, 3000 теңге.


“Құлагер” туындысының 1 дм – 120 теңгеден сатылған

"Құлагер" туындысының 1 дм – 120 теңгеден сатылған / Фото әлеуметтік желіден алынды



Ал, бір пар аяқ киім тігу үшін өңделген терінің бір дециметрін 40 теңгеден сатып алады. Бұл кәсіпорын Алматы қаласында орналасқан. Олар ақ қойдың терісін 1000-1500 теңгеге қабылдайды екен. Қара қойдың терісі сәл арзанырақ.

Былғары мен былғарыға ұқсас өнімді қалай ажыратуға болады?

Алдымен алақаныңызды былғары деген аяқ киімнің үстіне 10 секундтқа қойыңыз. Сол кезде таза былғары ысып кетеді.

Жасанды былғары суық болып тұра береді де, қолыңызды қойған жерде дақ қалады.

Екіншіден, аяқ киімнің үстіне су тамызсаңыз, таза былғары қараяды. Ал, жасандысы ешқандай өзгеріске ұшырамайды.

Үшіншіден, былғарыны кесіп көргенде, жылтыр болады.

Төртіншіден, былғарыны бүккен кезде қатпарлар пайда болады. Тегістеген бойда оның бәрі жазылып, бастапқы қалпына қайта келеді. Жасанды былғарыларда иілген кездегі қыртыстар қалып қояды.

Тері илеу әдістері туралы толығырақ білгіңіз келсе, сілтемеге өтіңіз.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары