Тікелей эфир

"Қытай босқындарына қауіпсіз пана беруге шақырамыз". Майк Помпео Қазақстанға сапары кезінде айтқан 4 маңызды мәселе

Сурет informburo.kz
Сурет informburo.kz
Бүгінде Американың Қазақстанға салған инвестициясы 45 млрд доллардан асқан. Екі елдің бірлескен 410 кәсіпорны жұмыс істейді.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпеоның Қазақстанға сапары шын мәнінде көптен күткен сапар болды. Бұлай дейтініміз, алғашында қаңтардың басына жоспарланған сапар Ирактағы саяси шиеленіске байланысты кейінге қалған болатын.

Майк Помпео сапар аясында ҚР сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мен президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен келіссөздер өткізіп, кейін елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесті.

Informburo.kz кездесулер барысында сөз болған төрт маңызды мәселеге тоқталды.

Оқи отырыңыз: АҚШ vs. Иран: әлем баспасөзіне шолу

Коронавируспен күресте АҚШ Қазақстанға қолдау көрсетуге дайын

Майк Помпео тұтас әлемге қауіп төндіріп тұрған қауіпті вирустың таралуын тоқтатуға бағытталған Қазақстанның жедел іс-әрекеттеріне жоғары баға берді.

"Қазақстан мен Қытайдың 1800 шақырым ортақ шекарасының болуы, әлбетте, алаңдаушылық туғызады. Соған орай, қазақстандықтар – сіздер бұл күресте жалғыз емессіздер. Қазақстанда Аурулардың алдын алу және бақылау орталығы жұмыс істейді. Біз Денсаулық сақтау министрлігіне потенциалды сырқаттарға мониторинг жүргізуге көмектесеміз", – деді Помпео.

АҚШ Қазақстан үкіметіне аурулардың алдын алу және бақылау жөніндегі нұсқаулықтар беріп, тәжірибесімен бөліседі, сондай-ақ, халықаралық стандарттарға сәйкес, дұрыс диагностикалау жүргізуге қажетті зертханалық материалдар береді.

Оқи отырыңыз: АҚШ – Қытай сауда соғысы. Бұның Орталық Азия елдеріне ықпалы қандай болмақ?

"USAID арқылы зертхана жұмысшылары мен медициналық персоналға жеке қорғаныс заттарын ұсынамыз. Вирустан зардап шеккен америкалықтарға қолдан келген көмекті жасап жатырмыз, мұндай көмекті Қазақстандағы достарымызға да көрсетуге дайынбыз", – деді Помпео.

Шегініс. Қазақстанда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 26 желтоқсандағы тапсырмасынан кейін Үкімет коронавирустың Қазақстанда таралуының алдын алу және Қытайдағы отандастарымызды елге аман-есен қайтаруға бағытталған шараларды қолға алды. Қазіргі таңда Қытаймен екі арада әуе, темір жолы және көлік жолы қатынасы тоқтады. Вирустың ошағы – Ухань қаласынан 83 қазақстандық азамат эвакуацияланды. Елде атқарылып жатқан сақтық шараларынан бөлек, президент Қытай басшылығына қажет жағдайда Қазақстан гуманитарлық көмек беруге дайын екенін хабарлап, хат жолдады.
Оқи отырыңыз: Каспийде АҚШ әскери флотының базасы құрылуы мүмкін бе?

АҚШ Қазақстан экономикасына қолдау көрсетуін жалғастырады

Майк Помпеоның мәлімдеуінше, АҚШ Қазақстанға экономикалық қолдау көрсетуді жалғастыра береді. АҚШ-тың санкциялық саясатына қарамастан, тараптар жаңа келісімге келді. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді келіссөздерден кейінгі брифингте мәлімдеді:

"Қазақстан мен АҚШ арасында жақында қол қойылған құжаттар қатарында ашық аспан туралы келісімнің маңызы зор. Ол екі ел арасында тікелей ауе байланысын ашудан бөлек, қазақстандық әуе компаниялары мен әуежайларына арналған жоғары қауіпсіздік стандарттарын енгізуге мүмкіндік береді".

Майк Помпео өз кезегінде Қазақстанның қандай елдермен іскери байланысқа түсуді таңдау еркіндігін АҚШ қолдайтынын айтты.

Оқи отырыңыз: АҚШ пен Қытай сауда келісімі орындала ма? Саяси шолу

"Бірақ, мен америкалық компаниялармен әріптестік кез-келген елге ең үздік нәтижелер береді деп сенемін. Бұл келісімдер жұмыс орындарын ашып, шарттардың ашықтығын қамтамасыз етеді", – деді Помпео.

Шегініс. Бүгінде Американың Қазақстанға салған инвестициясы 45 млрд доллардан асқан. Екі елдің бірлескен 410 кәсіпорны жұмыс істейді. Мемлекеттердің достық қарым-қатынасы АҚШ алғашқы елдердің бірі болып Қазақстанның тәуелсіздігін таныған сәттен басталады. Сондай-ақ, АҚШ Қазақстанда өз елшілігін ашқан тұңғыш ел (1992 жыл). Бүгінде екі ел арасында қауіпсіздік, экономика, әлеуметтік және гуманитарлық салалар бойынша 70-тен астам құжат қабылданған.

Халықаралық терроризм мен экстремизммен күрестегі әріптестік

АҚШ пен Қазақстан әлемдегі соғыс ошақтарына айналған елдерден өз азаматтарын елге қайтару бойынша бірігіп жұмыс жүргізуде.

Оқи отырыңыз: Иранға АҚШ емес, ішкі толқуларының қаупі басым

"АҚШ пен Қазақстанның қауіпсіздік саласындағы әріптестігінің ең жарқын мысалдарының бірі ретінде "Жусан" операциясын атауға болады. Бұл азаматтарды реабилитациялау және қоғамға қайта араластыруға бағытталған ұзақ мерзімді процестің бірінші кезеңі", – деп атап өтті Помпео.

Ол Қазақстанның Ирак пен Сириядан террористердің арбауына түскен азаматтарды елге қайтару ісінде Қазақстанның көшбасшылығына жоғары баға берді:

"Мен бұл іс өзге елдерге жарқын үлгі болады деп үміттенемін. Терроризм мен ислам экстремизмі мәселелерін шешуге арналған С5+1 форматындағы (Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан және АҚШ) әріптестікте Қазақстанның көшбасшылығы бұл топтың өз міндеттерін орындауын қамтамасыз етіп отыр".

Шегініс. "Жусан" операциясы 2018-2019 жылдары жүзеге асырылып, оның аясында әскери соғыс алаңдарынан 357 бала Қазақстанға қайтарылды. Бұл бастаманы елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көтерсе, гуманитарлық операция аясындағы үшінші – қорытынды акция 2019 жылы 28-31 мамыр аралығында іске асырылды.
Оқи отырыңыз: "Елімізге қажет өндіріс". Қазақстандық инженер АҚШ-та "смарт" бетонды сынақтан өткізді

Қытай лагерлеріндегі қазақтар мәселесі

АҚШ мемлекеттік хатшысы қазақстандық сыртқы істер министрлігінің басшылығымен кездесу барысында Қытайдағы этникалық қазақтар мәселесіне де ерекше тоқталды.

"Адамның негізгі құқықтарын қорғау ұлттың маңызды мәселесі. Біз адам саудасы, Қытайдың Қазақстан шекарасына жақын жердегі Синьцзян лагерлеріндегі 1 млн-нан астам мұсылман ұйғырлар мен қазақтардың ауыр жағдайын талқыладық. АҚШ барлық елді бірігіп, мұндай репрессияларды тоқтатуды талап етуге шақырады. Біз Қытай босқындарына қауіпсіз пана беруді қамтамасыз етуді сұраймыз", – деді ол.

Шегініс. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың соңында Deutsche Welle берген сұхбатында Қытайдағы Синьцзян аумағындағы қайта тәрбиелеу лагерлерінде этникалық қазақтардың жаппай жабылуы туралы ақпараттың таралуына АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысының бір бөлігі деп баға берген болатын.

"Біріншіден, Синьцзянда ҚХР азаматтары тұрады. Қайта тәрбиелеу лагерлеріне жабылған этникалық қазақтар туралы деректер тексеруді қажет етеді. Меніңше, бұл материалдар шындыққа жанаспайды. Мүмкін жекелеген қазақ ұлтының өкілдері мұндай мектептерде бар шығар. Бірақ, халықаралық институттар мен ұйымдар хабарлағандай, барлық қазақтарды лагерлерге жаппай жабу тенденциясы рас ақпарат емес", – деп жауап берді президент.

Ол, сондай-ақ, екі ел арасындағы халықаралық келісімдерге сәйкес, Қазақстан мен Қытай бір-бірінің ішкі істеріне араласпайтынын айтты.

Серіктестер жаңалықтары