Тікелей эфир

"Баласына 15 мың теңгесін қимайды". Алимент өндіру үшін не білу керек?

2022 жылы ең төменгі алимент мөлшері бір балаға 15 мың теңгені құрайды.

"Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" заңда алимент "бір адам оны алуға құқығы бар екінші адамға беруге міндетті ақшалай немесе материалдық қаражат" деген анықтама берілген. Біздің елде көп жағдайда баланы асырау үшін алимент төленеді. Сондай-ақ ата-анасынан бас тартқан ересектер де алимент төлеуі мүмкін.

Алайда қоғамда алимент төлеуден жалтарып жүргендер өте көп. Олар көбіне балаға алимент өндіріп алу үшін бұрынғы жұбайының арыз түсірмейтінін пайдаланады. Осы орайда Қазақстандағы алимент алу тәртібін түсіндіреміз. 

№1. Алиментті кімдер ала алады?

Алимент:

  • кәмелетке толмаған балаларға;
  • кәмелетке толған, бірақ еңбекке жарамсыз балаларға;
  • ерлі-зайыптылардың біріне және бұрынғы ерлі-зайыптылардың біріне;
  • кәмелетке толған балалардың еңбекке жарамсыз ата-аналарын асырауына беріледі.

Егер ерлі-зайыптылардың арасында ұзақ мерзімді өтемақы, яғни алимент туралы келісім болса, некені бұзу кезінде алимент мөлшері келісім бойынша есептеледі. Егер бұрынғы ерлі-зайыптылар келісімге қол қоймаса, онда сот орындаушысы ата-анасынан алимент төлеуді талап етеді.

№2. Алимент қалай есептеледі?

Алимент мөлшері мен төлеу тәртібі, сондай-ақ отбасы мүшелерінің қаржылық міндеттемелері кодекстің 5-бөлімімен реттеледі. Қазақстандағы 2022 жылғы алимент мөлшері туралы айтатын болсақ, онда ең төменгі сома – бір балаға 15 мың теңге. Бұл ең төменгі жалақының төрттен бір бөлігі. Ең төменгі жалақы мөлшері биыл 1 қаңтардан бастап 60 мың теңге болып бекітілген.

Яғни, бір балаға – алимент төлеуші тараптың ай сайынғы табысының төрттен бірі, екі балаға – үштен бірі, ал үш немесе одан да көп балаға табысының жартысы берілуі керек.

Болашақта қаржылық және отбасылық жағдайға байланысты бұл сома әртүрлі болуы мүмкін.


Оқи отырыңыз: Алимент төлемеген азаматтар өзін банкрот деп жариялай алмайды


№3. Алимент қандай табыстардан ұсталады?

• еңбекақы;
• қосымша ақылар мен үстеме ақылар;
• сыйлықақылар мен сыйақылар;
• өтемақыларлар мен комиссиялық сыйақылар;
• зейнетақы төлемдері;
• мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар;
• шәкіртақылар мен авторлық табыстар;
• кәсіпкерліктен түскен кірістерден алимент ұсталады.

4. Алименттерді төлеу туралы келісімді қалай құрастыру керек?

Алимент төлеу туралы келісім кодекстің 157-бабына сәйкес, алимент төлеуші мен алушы арасында жасалады. Егер олардың бірі әрекетке қабілетсіз болғанда – осы адамдардың заңды өкілдері арасында жасалады. Келісім жазбаша жасалады және міндетті түрде нотариуста куәландырылады.

Егер келісім бойынша алимент төлейтін ері немесе зайыбының материалдық немесе отбасылық жағдайы өзгерсе, онда алименттерді төлеу туралы осы келісімге өзгертулер енгізу немесе бұзу үшін сотқа өтініш беру қажет. Бұл жағдайда алименттер мөлшері келісімде айтылады, бірақ сот тағайындаған алименттер мөлшерінен төмен бола алмайды.

№5. Алимент көлемін қандай жағдайда қысқартуға болады?

Алимент төлеуге міндеттелген әке немесе ананың:

  • отбасылық, материалдық жағдайы өзгерсе;
  • екінші рет үйленіп, балалы болса;
  • денсаулық жағдайына байланысты қаржы қажет болса, алимент көлемін азайту туралы сотқа арыз жаза алады.

Сот көрсетілген себептер орынды деп тапса, алимент мөлшерін азайтады. Алайда, алимент төлеуді мүлдем тоқтату мүмкін емес.


Оқи отырыңыз: Алимент, жәрдемақы және баспана. Некесіз босанған ана мен оның балаларының құқығы қандай?


№6. Сот арқылы алимент өндіріп алу жолы қандай?

Егер келісімге келу мүмкін болмаса немесе тараптардың бірі алименттерді төлеуден бас тартса, онда сотқа өтініш беріп, алименттерді мәжбүрлі төлеткізуге болады. Ол үшін жауапкер ері немесе зайыбының тіркелу орны бойынша міндетті түрде сотқа талап арызбен жүгіну қажет.

Сотқа алименттерді төлетуге өтініш беру үшін мынадай құжаттар қажет:

  1. Алименттерді төлеу туралы талап өтініш, сондай-ақ жауапкер үшін оның көшірмесі;
  2. Жеке басты куәландыратын құжаттың көшірмесі және түпнұсқасы;
  3. Талаптар негізделетін жағдайларды растайтын құжаттар: неке туралы куәлік, некені бұзу туралы куәлік, баланың туу туралы куәлігі, әкелікті анықтау туралы куәлік және нақты жағдайға байланысты басқалары.

Нақты жағдайларға байланысты өзге де құжаттар талап етілуі мүмкін. Оны сотқа жүгінбес бұрын хабарласып білуге болады

Салық кодексінің 616-бабына сәйкес, сотқа алимент өндіріп алу туралы талаппен жүгінген талапкерлер мемлекеттік баж төлеуден босатылады.

Сот бұйрығында борышкердің туған күні және орны, оның жұмыс орны, алимент төленуі тиіс әр баланың аты және туған күні, борышкерден ай сайын өндірілетін төлемдер мөлшері және оларды өндіру мерзімі көрсетіледі. Сот бұйрығына судья қол қояды, одан кейін ол орындау үшін сот актілерін орындау департаментіне жіберіледі. 

Кодекстің 75-бабына сәйкес, егер ата-ана ата-аналық міндеттерін орындаудан бас тартса, соның ішінде алимент төлеуден қасақана бас тартса, ата-ана құқығынан айрылады.

№7. Алимент төлемесе, не істеу керек?

Кейде борышкерлер міндетінен қашып, жасырынып жүруі мүмкін. Қазақстанда үш айдан астам алимент төлемей жүргендердің аты-жөнін жинайтын qamqor ақпараттық қызметі бар.

Сот шешімімен тағайындалған алименттерді төлемеу, уақтылы немесе толық төлемеу, сондай-ақ нақты кірісті немесе қарыз өндіріп алынуға тиіс мүлікті жасыру заң бұзушылық болып есетеледі.

  • Егер сізде сот шешімі болса және оны жеке сот орындаушысы орындап жатса, оның орындалып жатқанын немесе орындалмағанын үнемі түрде тексеріп отыру қажет;
  • Егер арада алимент төлеу туралы келісім болса, оны сотқа беріп, атқару парағын алыңыз. Міндеттеме уақытында орындалуы керек. Атқару парағын кез келген уақытта қайтарып алуға болады, бірақ бұл борышкерді тез арада алимент төлеуге итермелейді;
  • Егер алимент бірнеше ай бойы төленбесе, осы уақытқа дейін жиналған қарыз сот орындаушысының ұйғарымымен бөлек өндіріп алынады. Сонымен қатар, алимент төлеуден жалтарған жағдайда, борышкерден әрбір кешіктірген күн үшін берешектің 0,1 пайызы мөлшерінде өсімпұл талап етілуі мүмкін;
  • Алимент төлемеген борышкерді қылмыстық жауапкершілікке тартуға болады. Ол бойынша 10 АЕК немесе 30 630 теңге көлемінде айыппұл, не қоғамдық жұмыстар, кейбір жағдайларда тіпті екі жылға дейін  бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.

Оқи отырыңыз: Мәжіліс депутаты тұрмысы төмен отбасындағы әр балаға 36 мың теңгеден беруді ұсынды


№8. Заң бойынша қандай жағдайда алимент төлемеуге болады?

Баладан бас тартқан ата-ана да, ата-аналық құқығынан айырылған ата-ана да алимент төлеу міндетінен босатылмайды. 

Тек баланың бұрынғы әкесі одан бас тарса және ол баланы екінші әкесі асырап алған жағдайда ғана соттың асырап алу туралы шешімі заңды күшіне енгеннен кейін бірінші әкесі алимент төлеуден босатылады. 

Материалда электронды үкімет порталының мәліметтері қолданылды.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары