1990 жылдардың ортасына дейін Қазақстан заңнамасында "жалғызбасты ана" деген ұғым болып, некесіз босанған әйелдерге түрлі жәрдемақылар берілген. Бірақ, бүгінде төлемдердің бәрі алынып тасталды. Некеге тұрмай дүниеге сәби әкелген аналар мен олардың балаларына әлеуметтік қолдау көрсетіле ме? Жалғызбасты аналардың қандай құқықтары бар? Informburo.kz осы және өзге де сұрақтарға жауап іздеді.
№1. Жалғызбасты ана деген кім?
Жалғызбасты ана деп заңды некеге тұрмай, дүниеге сәби әкелген әйелді айтады. Мұны толық емес отбасымен шатастырып жатады. Бүгінде Қазақстанда "жалғызбасты ана" деген заңды мәртебе жоқ.
№2. Жалғызбасты анаға жәрдемақы беріле ме?
Қазақстан заңнамасында жалғызбасты аналарға арнайы жәрдемақы қарастырылмаған. Жалғызбасты ана бала тууына байланысты бiржолғы мемлекеттік жәрдемақы алады. 2021 жылы жұмыс істемейтін аналар үшін жөргекпұл сомасы бірінші балаға – 38 АЕК немесе 110 846 теңге. Жұмыс істейтін аналарға біржолғы әлеуметтік төлем мөлшері соңғы 12 айдағы орташа айлық табысына байланысты есептеледі. Сондай-ақ, бала бір жасқа толғанша оның күтімі үшін ай сайын мемлекеттік жәрдемақы беріледі. Әлеуметтік төлем жұмыс істемейтін әйелдерге бала кезегіне қарай, декретке шыққанға дейін жұмыс істеген аналарға орташа жалақысына байланысты төленеді.
№3. Атаулы әлеуметтік төлем алуға өтінім бере ала ма?
Жалғызбасты ана толық емес отбасы ретінде атаулы әлеуметтік көмек алуы үшін өтініш бере алады. Бірақ бұл көмек отбасындағы әр адамның табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ынан аспайтын азаматтарға беріледі. 2021 жылы бұл сома 24 011 теңгені құрады.
Оқи отырыңыз: 2021 жылдан бастап зейнетақы, жәрдемақы, әлеуметтік төлемдер қаншаға өсті? Түсіндірме
№4. Некесіз туған балаға алимент төлене ме?
Алимент төленбейді. Бірақ алимент деген ата-ананың балаға деген міндеті. Туу туралы куәлікте әкесі көрсетілмесе онда әкелікті сот арқылы тануға болады. "Неке және отбасы туралы" кодекстің 138-бабына сәйкес ата-аналар өздерінің кәмелетке толмаған балаларын күтіп-бағуға міндетті.
№5. Жалғызбасты анаға мемлекеттен үй беріле ме?
Жалғызбасты аналар "толық емес отбасы" санаты бойынша тұрғын үй кезегіне тұра алады. Кезекке тұру үшін келесідей дай шарттар бар:
- есепке қою туралы өтініш;
- жеке басын куәландыратын құжат;
- үш жыл тұрғылықты мекенжайы бойынша тұрақты тіркеуде болу;
- соңғы бес жылда атында үйі болмау;
- баласы екеуі бір жерде тіркеуде тұру, бірақ баладан үш жыл талап етілмейді;
- баланың туу туралы куәлігі;
- жұмыс орнынан анықтама (жұмыс істейтіндерге);
- табыс мөлшері;бір әлеуметтік көмек алатын болса, зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтан анықтама;
- әке болуды анықтау туралы куәлік/ № 4 нысан (көшірмесі);
№6. Әкесі мен анасы некелеспесе, балаға әкесінің тегін беруге бола ма?
Кез келген бала туған сәттен бастап аты-жөні, тегі, әкесінің атын иеленуге құқылы. Бұл халықаралық және ҚР заңнамасымен бекітілген. Бала атын ата-анасының немесе олардың біреуінің келісімі бойынша алады. Балада әкесі болған жағдайда оның атына сәйкес әкесінің атын алады, оны ата-анасы сайлай алмайды. Кез келген текті алуға болмайды, тек ата-анасының біреуінікін алады. Әкесі анықталмаса, онда әкесінің аты баланың әкесі ретінде жазылған адамның аты бойынша, тегі анасының тегі бойынша немесе баланың атасының аты бойынша ұлттық дәстүрлер ескеріле отырып беріледі.
Оқи отырыңыз: Балаларға – тегін тамақ пен мектеп жабдықтары. Әлеуметтік пакет туралы маңызды 10 сұраққа жауап
№7. Некеге тұрмаған әйел баланың туу туралы куәлігін қалай алады?
Куәлікті алу үшін АХАТ некені тіркеу туралы ресми қағазды сұрайды. Жұп алдын ала, сәбидің тегін ақылдасып, АХАТ-қа жүгінуі керек. Әкесі баланы мойындайтынын және тегін беруге келісетіні жөнінде мәлімдеме жазады. Осыдан кейін туу туралы куәлік беріледі, онда ресми әкесінің аты көрсетіледі.
Егер ер адам өзінің баласы екеніне күмәнданса, мойындағысы келмесе әйел оны сотқа беруге құқығы бар. Құқықтық тәртіппен баланың биологиялық әкесін ДНК сараптама арқылы мәдбүрлі түрде баласын таныта алады. ДНҚ тесті арзан тұрмайды. Бағасы 57 мың теңгеден басталады. Анализ қорытындысы 2-14 күн ішінде дайын болады.
№8. Некесіз туған жағдайда әкелікті тану не үшін маңызды?
Әйел адамға әкелікті анықтау және тану:
- баланың құжаттарын алу үшін;
- отбасын тастап кеткен ер адамнан алимент төлеуді талап ету үшін;
- әкесі қайтыс болса оның мұрасы балаға қалу үшін қажет.
№9. Әкесі деп танылған ер адам баладан бас тартса, алимент төлей ме?
Мұндай ер адамды сот ата-ана құқығынан айыруы мүмкін. Бала әлі де оның мұрагері болып қала береді. Ер адам баладан бас тартып, ата-ана құқығынан айырылса да алимент төлеп тұруға міндетті.
№10. Әйел баланың әкесінен күтіп-бағу шығындарын өтеуді талап ете ала ма?
Баланың әкесі анықталса некесіз бала көтерген әйел босанғанға дейінгі және одан кейінгі кезеңдердің ішінде өзін асырау жөніндегі шығындарды өтеуді сот тәртібімен талап етуге құқылы. Қаражат мөлшерін тараптардың материалдық, отбасылық және назар аударуға тұрарлық басқа да мүдделерін негізге ала отырып белгіленеді. Ал некеде тұрып, ажырасқан әйел ай сайын күтіп-бағуға қажет қаражатты бала үш жасқа толғанша бұрынғы жұбайынан алып тұруға құқылы. Баланың қалай дүниеге келгені, әлеуметтік жағдайы оның материалдық қамтылуына әсер етпеуі тиіс. Әйелдерге некеде немесе некесіз босанғанына қарамастан, бірдей өтемақы төленуі тиіс. Бірақ бұл сәбидің әкесі анықталған жағдайда ғана мүмкін болмақ.