Алматы облысының Ұйғыр ауданындағы Шонжы ауылында бірнеше күн бойы із-түзсіз жоғалған ер адамның мәйіті көмілген күйде табылды. Полиция кісі өлтіру және қылмысты жасыру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғап, екі күдіктіні қамауға алды.
Марқұмның туыстарының айтуынша, ер адам 23 мамыр күні жұмысқа кетіп, үйіне қайта оралмаған. Жақындары оны бірнеше күн бойы өз бетінше іздеген.
27 мамырда ер адамның анасы полицияға ресми түрде арыз түсірген. Сол күні жүргізілген жедел іздестіру шаралары барысында жоғалған азаматтың денесі Шонжы ауылындағы жұмыс орнынан алыс емес жерден табылған.
Алматы облыстық полиция департаменті адамның мәйіті табылғанын растады.
"Жедел іздестіру барысында жоғалған адамның денесі жұмыс орны – демалыс аймағына жақын жерден табылды. Алдын ала мәлімет бойынша алкоголь ішкеннен кейін ер адам мен оның әріптестері арасында жанжал болған, оның барысында жәбірленушіге дене жарақаты салынған", – деп хабарлады полиция.
Марқұмның қарындасы бауырын әріптестері түні бойы азаптап, кейін тірідей көмгенін мәлімдеген. Алайда полиция бұл ақпарат әзірге расталмағанын айтты.
Ведомствоның мәліметінше, "ер адамды тірідей көмді" деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді.
Қазіргі уақытта кісі өлтіру және қылмысты жасыру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Іс аясында екі күдікті ұсталып, қамауға алынған.
"Компанияда болған үшінші адамға қатысты шешім тергеу нәтижелері бойынша қабылданады", – деп мәлімдеді полиция.
Тергеу жалғасып жатыр, өзге ақпарат қылмыстық-процестік заңнама талаптарына сәйкес жария етілмейді.