Тікелей эфир

Жолаушыларды бораннан аман алып шыққан Сымбат Ещанов "Ерлігі үшін" медалімен марапатталды

Сымбат Ещанов. Фото: ТЖМ баспасөз қызметі
Сымбат Ещанов. Фото: ТЖМ баспасөз қызметі
Ол көзге түрткісіз боранда құтқарушыларға жол көрсетіп, қауіпсіз алып жүрген.

Мемлекет басшысының Жарлығымен қызметтік міндеттерін үлгілі орындағаны, қызметтік борышын атқару кезінде көрсеткен батылдығы мен ерлігі және адамдардың өмірін құтқарғаны үшін Қарағанды облысы ТЖД Осакаров ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің №17 өрт сөндіру автокөлігінің жүргізуші-қызметкері Сымбат Ещанов "Ерлігі үшін" медалімен наградталды, деп хабарлады Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі

Биылғы 3 қаңтарда Алматы-Екатеринбург республикалық тас жолында Нұра-Қарағанды бағытымен келе жатқан автобус қар құрсауында қалып қойған болатын. Оларды құтқаруға аттанған Төтенше жағдайлар министрлігінің тобының құрамында Сымбат Ещанов та болған. 

Құтқарушылар оқиға орнына жеткеннен кейін жағдайды бағалап, 30-дан астам жолаушыны, оның ішінде 5 баланы эвакуациялауға кірісті. Алайда, ауа райының нашарлауына және нөлдік көріну болуына байланысты Сымбат Ещанов құтқарушыларға жол көрсетіп, көліктің алдында жүріп қауіпсіз алып жүруді қамтамасыз етті.

Сымбат Ещановты марапаттау рәсімі. Фото: ТЖМ баспасөз қызметі

"Құтқарушының батылдығы мен жанқиярлығының арқасында барлық жолаушылар эвакуациялау пункттеріне аман-есен жеткізіліп, қажетті көмек көрсетілді. Бұл әрекетімен ол адамдардың өмірін сақтап қана қоймай, жоғары кәсібилік пен өз ісінің маманы екенін көрсетті. Сымбат Ещанов азаматтық қорғау органдарында қызметін жалғастырып, әріптестері мен бүкіл қоғам үшін батылдық пен адалдықтың үлгісін көрсетуде", – делінген ТЖМ баспасөз қызметінің хабарламасында. 

Азаматтық қорғау аға сержанты Сымбат Ещанов азаматтық қорғау органдарында 2012 жылдан бері қызмет етеді. Қызмет еткен жылдары төтенше жағдайларды жоюға, сондай-ақ құтқару және эвакуациялау жұмыстарына бірнеше рет қатысқан.


Оқи отырыңыз: Ауа райына байланысты Қазақстанның екі облысында жолдар жабылды


 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
1

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары