Тікелей эфир

"Зейнетке жақындағанда жұмыстан шығарып жатыр". Шымкентте "Қазақтелеком" қызметкерлері наразылық білдірді

Қызметкерлер бір адамның екі есе көп жұмыс істейтінін айтады.

Шымкентте зейнет жасына жақындағандар "Қазақтелекомнан" қуылып жатырмыз" деп наразылық білдірді. Сөздерінше, жыл басында мамандардың 15 пайызын қысқарту керек деген бұйрық келген. Нәтижесінде 7 маман жұмыстан босатылып, қалғаны үреймен отыр, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" бағдарламасы. 

"Мамыр айында оңтайландыру бұйрығы келгенде сол кісілер шырылдап жүріп бұйрықтың күшін жойдыртты. Содан кейін негізсіз, жоспарсыз тексерулер басталды. Бұл кісілерді баппен қуады деп ешкім ойлаған жоқ. Себебі мен атап тұрған 4 ер азаматымыз 30-40 жыл үзілместен компанияның өсіп-өнуіне атсалысқан", – деді байланыс қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрайымы Гүлмира Рысқалиева. 

Ал қысқартудан аман қалған қызметкерлер қорқынышы әлі басылмаған. Айтуларынша, тағы 12 маманның жұмыстан кетуі жоспарланыпты. Сол санатқа ілікпесек деген көпшілік қалған күннің өзінде жұмыстың одан ары ауырлайтынын айтады. Себебі қазір бір адам екі маманның жұмысын атқарып жүр. 


Оқи отырыңыз: "Қазақтелеком" акцияларының 28,8 пайызы мемлекет меншігіне қайтарылады


"Алдында учаске бойынша 6 бала істейтін, қазір үшеуі басқа бөлімге өтті. Қалған үш адам сол алты адамның жұмысын істеп жатыр. "Қазақтелекомда" істеп жатқанымызға 15 жыл болды, басқа баратын жеріміз жоқ. Осы жерден зейнетке шығамыз деп үміттенеміз. Қайта-қайта қысқарту бола бергеннен кейін қорқа бастадық. Бала-шағамызды қалай бағамыз?" – деді "Қазақтелеком" АҚ қызметкері Нұрғазы Абылов. 

Алматыдағы басшылық мамандардың зейнет жасына жақындап жұмыстан шығуы тек өз еркімен қабылданған шешім екенін айтады. Ал Шымкенттегі 4 жауапты маманның босатылуы жұмысқа деген салғырттығынан, жалпы қызметкерлерді жұмыстан қысқарту қарастырылып жатқан жоқ, дейді. 


Оқи отырыңыз: Қазақстанда жеті мыңнан астам 5G станциясы орнатылады


"Жалпы 95 адам қысқарады деген қате. Барлық қысқарту біздің АҚ басқарма шешімімен қабылданады. Қазіргі кезде ондай шешім жоқ", – деді "Қазақтелеком" АҚ желі дивизионы бірлестігінің HR директоры Жандос Бимендиев. 

Еске салайық, "Қазақтелеком" қызметкерлерінің наразылық білдіруі алғаш рет емес. Былтыр байланыс мамандары айлықты көтерсін деп жиналған. Жұрт жанайқайымен жалақының өскені сол екен енді Түркістан облысы мен шымкенттік қызметкерлер қысқарту басталды деп дабыл қағып жатыр.

Серіктестер жаңалықтары