Тікелей эфир

Зейнетақы жинағы неге азайып кетеді? БЖЗҚ басшысы түсіндірді

"Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры" АҚ басқарма төрағасы Жанат Құрманов түсіндірді.

Зейнетақы жинағындағы қаражат көлемі апта ішінде неге азайып қалуы мүмкін? Бұл туралы "Ашық диалог" порталының қолданушысы "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры" АҚ басқарма төрағасы Жанат Құрмановтан сұрады.

"Апта ішінде зейнетақы жинағым 100 мың теңгеге азайып қалған. Түсіндіріп беруіңізді сұраймын", – деп жазды азамат.

Зейнетақы қоры басшысының түсіндіруінше, зейнетақы жинақтары ай сайынғы жарналар мен инвестициялық кірістерден тұрады. Инвестициялық кіріс – зейнетақы жинақтарын инвестициялау нәтижесінде алынған табыс.  

"Зейнетақы активтерін басқарушылар (Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі және инвестициялық портфельді басқарушылар (ИПБ)) инвестициялық кіріс алу үшін Қазақстандағы және шетелдегі зейнетақы активтерін экономиканың әртүрлі салаларындағы әртүрлі қаржы құралдарында, әртүрлі валюталарда орналастырады. Мұндай әртараптандыру зейнетақы жинақтарының сақталуын және тұрақты табысты болуын қамтамасыз етеді. Инвестициялық табыс бағалы қағаздар бойынша сыйақы (депозиттер және басқа операциялар), қаржы құралдарын нарықтық және валюталық қайта бағалау түріндегі кірістерден, сыртқы басқарудағы активтер бойынша кірістерден және тағы басқа табыстардан тұрады", – деп жазды Жанат Құрманов.

Қор басшысы зейнетақы жинағындағы соманың құбылып тұруын нарық пен валютаны қайта бағалаудан түскен кірістің белгілі бір кезеңде оң және теріс болуымен түсіндіреді.

"Сондықтан инвестициялық қызметтің нәтижесінде валюта бағамына және қаржы құралдарының нарықтық құнының өзгеруіне байланысты есептелген инвестициялық кірістің мөлшері әртүрлі болуы мүмкін", – деп жазды ол.

Жанат Құрмановтың жазуынша, зейнетақы жинақтары әртүрлі валютадағы қаржы құралдарына салынады. Инвестициялардың шамамен 2/3 бөлігі теңгемен және шамамен 1/3 бөлігі шетел валютасында, оның ішінде басым бөлігі АҚШ долларымен салынады. Тиісінше, ұлттық валюта нығайса, инвестициялық кіріс азаюы мүмкін, ал доллар бағамы көтерілсе, өсуі мүмкін.


Оқи отырыңыз:


Жалпы зейнетақы активтерінің құнын қайта бағалау апта сайын дүйсенбі күнінің соңындағы және айдың соңғы күнінің соңындағы жағдай бойынша жүргізіледі.

"Инвестициялық басқару мен зейнетақы активтерін есепке алудың бүкіл жүйесі ашық: әрбір салымшы өзінің инвестициялық кірісін enpf.kz сайтындағы жеке кабинетінде немесе мобильді қосымшасында тәулік бойы көре алады. Зейнетақы жинақтары ұзақ мерзімді инвестициялар болып табылатынын және кем дегенде бір жыл мерзімге инвестициялық кіріс көлемін талдауды жөн санайтынын атап өткен жөн. Қысқа мерзімді деректер (апталық, айлық және т.б.) индикативті емес, өйткені нарықтық конъюнктураның тұрақты өзгерістеріне байланысты. БЖЗҚ Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған шекте қызмет етеді", – деп жазды қор басшысы.

Серіктестер жаңалықтары