USD: 486.9 / 489.5
  • EUR: 564.5 / 569.5
  • RUB: 6.51 / 6.63
Тікелей эфир
Алматы +24C
Все города

"Жарықты өшірсек те, сымдар жарқылдап тұрады". Ақтөбеде апатты үйдің тұрғындары облыс әкімінен көмек сұрады

Фото: видеодан скриншот
Фото: видеодан скриншот
Тұрғындар үлкен өрт қаупінің төніп тұрғанын айтады.

Ақтөбе қаласында апатты деп танылған бес қабатты үйдің тұрғындары баспана мәселесін шешуді сұрап, облыс басшылығына өтініш жолдады. Іргетасы шөгіп, қабырғалары сөгіле бастаған көпқабатты үйдің тозығы жеткендіктен, тұрғындардың қауіпсіздігіне нұқсан келіп тұр. Әсіресе, жауын-шашынды күндері шатырдан су ағып, пәтерлерді су басады. Халық үйді жөндеуге дайын мердігер компанияны өз бетінше тапқанымен, жергілікті билік тарапынан істі ілгерілету шаралары кешігіп жатқанын айтады, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы. 

Үйдің бесінші қабатында тұратын зейнеткер Ирина Новосельцеваның айтуынша, тозған шатырдан аққан су пәтер ішіндегі электр желілеріне өтіп, тұрғындардың өміріне қауіп төндіруде.

"Қонақ және жатын бөлмелерде, дәлізде жарық жоқ. Қауіпсіздік үшін күйеуім бәрін ажыратып тастады. Бірақ жарықты өшірсек те, сымдар жарқылдап тұрды. Бұл өте қауіпті! Түнде оянсам, есептегіш тұрған жерден от ұшқындайды, сосын барып тоқтан мүлдем ажыратамын. Қорқыныштан тоңазытқышты да өшіріп қойдым", – деді Ақтөбе қаласының тұрғыны Ирина Новосельцева.

Аталған бес қабатты баспананың бой көтергеніне 60 жыл болған, ал оның апатты деп танылғанына бірнеше жылдың жүзі болды. Қалыптасқан жағдайға байланысты тұрғындар тұрғын үйді қайта жаңғырту бағдарламасына қажетті құжаттарды әзірлеп, жөндеу жұмыстарын жүргізетін мердігерді де анықтаған. Алайда, шенеуніктер тарапынан нақты қолдау болмай отырғанына қынжылады.

"Жаңбыр суы бірінші қабатқа дейін жетіп, қысқа тұйықталу болды. Үйіміздің төбесін жөндеп береміз дегендеріне 8 жыл болды. Мынау сұмдық қой! Бір күні үйден өрт шықса немесе балаларды тоқ соқса, кім жауап береді?" – деді қала тұрғыны Зада Құдайбергенова.

Техникалық ахуалы нашарлаған баспананың шатырынан бөлек, ішкі және сыртқы инженерлік желілері де толықтай ескірген. Қалалық әкімдік бұл үйдің мәселесінен хабардар екенін, бірақ жөндеу жұмыстарын бастауға бюджеттен тиісті қаражаттың бөлінбеуі кедергі болып отырғанын жеткізді.

"Бөлім тарапынан облыстық мәслихатқа қажетті құжаттарды, яғни жобалық-сметалық құжаттаманы өткізіп қойдық. Енді бұл мәселе алдағы мәслихат сессиясында қаралады. Алайда сессияның нақты қай уақытта өтетіні әзірге белгісіз", – деп түсіндірді Ақтөбе қалалық тұрғын үй инспекциясының сектор меңгерушісі Асима Омарова.

Қалалық деңгейде мәселенің шешілмейтініне көзі жеткен тұрғындар енді облыс әкіміне ресми түрде арыз-шағым түсіруді жоспарлап отыр. Айта кетейік, апатты жағдайдағы үйде тұратындардың басым бөлігі – зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі азаматтар. Бұған дейін тұрғындар өз қаражаты есебінен жөндеу жұмыстарын жүргізуге тырысқанымен, одан ешқандай нәтиже болмаған.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау

Өтініш беру себебін сипаттаңыз