Тікелей эфир

"Жаңасы соғылмаса, күрежолды толық жабамыз". Алматы облысында ата-аналар мектеп құрылысын тездетуді сұрады

Алматы облысында бүтін бір ауыл тұрғындары елдімекенде жаңа мектеп соғылмаса, күрежолды толық жабамыз деп бекініп отыр. Өйткені, ескі мектепке балаларын жіберуге қорқады. Айтуларынша,1964 жылы бой көтерген 320 орындық мектептің сапасы сын көтермейді, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы. 

"Біздің балалар қыстың қырауында еш уақытта спортзалға кірмейді. Кірмек түгілі, есікті ашсаңыз кірпігіне мұз қатады. Суық, өте суық. Өте ескі. Балалар түнде қайтады. Жабылып көшеде жүреміз балаларымызды іздеп. Баламды ит талады. Талай баланы ит талап жатыр", – деді Қаражота ауылының тұрғыны Ұлжан Қожаәлинова. 

Жыл басында облыс әкімі ауылда "Жайлы мектеп" жобасы аясында 600 орындық мектеп салынатынын жеткізген.

"3500 халыққа 320 орындық мектеп бар. 600 орындық жайлы мектеп салып береміз деді. Қаражат республикалық бюджеттен емес, "Самұрық-Қазынадан" бөлінеді екен. Енді қазір салынбай жатыр. Сарыбұлақ ауылында мектеп саламыз деп отыр", – деді Қаражота ауылының тұрғыны Мұнардин Османов. 


Оқи отырыңыз: 3,5 млн теңгеден беріледі: Қазақстанда "Үздік педагог" республикалық байқауы басталды


Мектептің көрші ауылға салынатынын естіген халық трассаны жабуға дайынбыз деп отыр. Ал әкімдік өкілдері әзірге жоспар өзгерген жоқ дейді. Айтуынша, көрші ауылда салынғалы отырған мектеп аудандық бюджет есебінен тұрғызылады. 

"Біздің әкім ондай қаулы жоқ екенін айтты. Жоспарды құртқамыз жоқ", – деді Қаражота ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Арман Дулатов. 

Бас маманның бұл сөзі көпшіліктің сөнген үмітін қайта тұтата алмады. Себебі олар құрылыс жұмыстары басталмайынша басылмаймыз деп отыр. 


Оқи отырыңыз: Аттестат пен дипломды қатар береді: Биыл Астанада алғаш рет эксперименттік білім бағдарламасына 270 оқушы қабылданады


 

Серіктестер жаңалықтары