Тікелей эфир

Утиль алымының қаражаты қайда жұмсалады? Экология вице-министрінің жауабы

Утиль алымының қаражаты "Жасыл Даму" АҚ-да жинақталады, оның 100 пайыз акциясы мемлекетке тиесілі.

Hyundai Trans Almaty және Hyundai Trans Kazakhstan зауыттарының алаңдарында утиль алымын жою мәселелері жөніндегі петицияны қарайтын жұмыс тобының отырысы өтті. 

Еске сала кетейік, қозғалтқыш көлемі шамамен 2,5 литр болатын автокөліктер үшін салық мөлшері орташа есеппен 900 мың теңгені құрайды. Қозғалтқыш көлемі көбірек машиналарды тіркеу үшін төлем де жоғарылай түседі. 

Бұл салық азық-түлік құнына әсер ете ме? Бұл сұраққа ҚР өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Елжас Сапарбеков жауап берді. 

"Ауыл шаруашылығы техникасының шамамен 80%-ы Қазақстанда өндіріледі. Отандық өндіріс өз құнында утиль алымын қарастырмайды. Сондай-ақ күріш, қызылша, жүгері және т.б. өнімдерді жинайтын ауыл шаруашылығы техникаларына утиль алымы таралмайды. Осы орайда утиль алымы азық-түлік құнына әсер етеді деген тезис шындыққа жанаспайды", – деп атап өтті Елжас Сапарбеков. 

Оның айтуынша, 2017 жылдан 2023 жылға дейінгі утиль алымының қаражаты есебінен 5 мыңға жуық ауыл шаруашылығы техникасы жаңартылды. Сонымен қатар, утиль алымының қаражаты есебінен төтенше ведомстволардың, атап айтқанда, өрт сөндірушілердің паркін жаңарту жоспарлануда. Үкіметте тиісті талқылаулар жүргізіліп жатыр. 


Оқи отырыңыз: Қазақстанда утиль алымының құны төмендей ме? Үкімет жауабы


Бұдан бөлек, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Шыңғыс Сүйінбаев жол техникасына да утиль алымы салынбайтынын атап өтті.

Утиль алымы автобустарға және қоқыспен күресуге жұмсалады 

Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиевтің айтуынша, утиль алымының қаражаты қайда жұмсалатыны ҚР Экологиялық кодексінің 388-бабында көрсетілген.

"Экологиялық кодексте утиль төлемдерінің барлық қаражаты жұмсалуы тиіс 14 бағыт көрсетілген. Бұл 14 бағыт қоршаған ортаны жақсартумен байланысты. Сондай-ақ оған автокөлік құрастыруды, автоөнеркәсіпті қолдау, автобустар мен ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алу кіреді", – деп атап өтті Жомарт Әлиев.

2023 жылғы заң мәтінінде 15 бағыт көрсетілген. Соңғы бағытта былай делінген: "Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін тәртіппен және шарттармен дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы тікелей немесе жанама түрде мемлекетке және (немесе) ұлттық басқарушы холдингке тиесілі ұйымдың қоршаған ортаның жай-күйін жақсартуға бағытталған өңдеуші саладағы жобаларын одан әрі қаржыландыру".

Қалған 14 пункттің көпшілігі тұрмыстық қатты қалдықтарды кәдеге жаратумен және қайта өңдеумен байланысты. Сондай-ақ, утиль алымының сомасы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндірушілер мен импорттаушыларға қайтарылады деген тармақ бар. Бұдан бөлек, утиль алымының қаражаты экологиялық таза автомобильдер өндірісін ынталандыруға және электр толтыру станциялары желісін дамытуға жұмсалуы керек. 

Утиль алымының қаражаты "Жасыл Даму" АҚ-да жинақталады, оның 100 пайыз акциясы мемлекетке тиесілі. 

"Жыл басында мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, "Жасыл Даму" қаражаты жұмсалатын негізгі мақсат – тұрмыстық қатты қалдықтарды реттеу болды. Бұл мақсатқа 200 миллиард теңге резервтелген", – деп қорытындылады Жомарт Әлиев.

Серіктестер жаңалықтары