Астанада 23 жастағы жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның қызметтік міндетін атқару кезінде қаза болуына қатысты сот отырысында жедел жәрдем бригадасының аға фельдшері Ақтамақ Сыздықова куәлік берді.
Оның айтуынша, қайғылы оқиға болған күні жедел жәрдем бригадасына тұрғын үйдің қасбеті құлағаны туралы шақырту түскен. Медициналық қызметкерлер оқиға орнына шамамен 10-15 минуттан кейін барған. Бригада келген бойда зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсете бастаған. Алайда сол сәтте ғимараттың тағы бір бөлігі опырылып түскен.
Ақтамақ Сыздықованың сөзінше, ғимараттың екінші бөлігі құлаған кезде ол Ұлдана Мырзуанды мүмкіндігінше тез қауіпсіз жерге шығаруға тырысқан. Фельдшерді зембілге жатқызып, оған оттегі берген. Жүрек соғысын бақылауға арналған құрал жалғанып, көктамырына дәрі енгізуге қажетті жол ашылған.
"Ол кезде Ұлдананың тамыр соғысы мен жүрек соғуы болды. Бірақ аурухананың қабылдау бөліміне жеткізгенше есін жиған жоқ", – деді Ақтамақ Сыздықова.
Ұлдана Мырзуан алған ауыр жарақатынан кейін ауруханада көз жұмған. Сотта медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігі мәселесі де көтерілді. Адвокат Асхат Алимов жедел жәрдем бригадасының арнайы қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілген-етілмегенін сұрады. Куәгердің айтуынша, фельдшерлерде мұндай құралдар болмаған.
Ақтамақ Сыздықова жедел жәрдем қызметкерлеріне құлау қаупі бар аумаққа өз бетінше кіруге болмайтынын түсіндірді. Алдымен Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары келіп, аумақтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тиіс.
"Бізге оқиға орнына кірмеу керектігін айтатын. Себебі ғимараттың қайта құлау қаупі болды. Сондықтан төтенше жағдайлар қызметін күтіп, зардап шеккендерді қауіпсіз жерге шығарып бергеннен кейін ғана көмек көрсетуіміз керек еді. Алайда сол жерде жиналған жұрт зардап шеккендерге тезірек көмек көрсетуімізді талап етті", – деді куәгер.
Сыздықованың айтуынша, жедел жәрдем бригадасы оқиға орнынан кеткен кезде Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері әлі келмеген. Қайғылы жағдайдан кейін жедел жәрдем станциясында қызметтік тексеру жүргізілген. Алайда оның нәтижесі қызметкерлерге хабарланбаған. Қазір жедел жәрдем қызметкерлеріне қауіпті аумаққа кірмеу және оқиға орнынан қауіпсіз қашықтық сақтау талаптары үнемі ескертіледі.
Еске салайық, 2025 жылғы 8 қарашада Астанада Тәуелсіздік даңғылындағы тұрғын үйдің кірпіш қасбеті кондиционермен бірге опырылып түскен. Салдарынан бес адам зардап шекті. Олардың арасында көмек көрсетуге барған 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуан да болды. Оған ғимараттың екінші қабатынан құлаған кондиционер тиген.