Ұлттық бірыңғай тестілеу тұңғыш рет 51 пунктте электронды форматта өтті. Тест тапсыруға 285 164 өтініш келіп түскен. Биыл тестілеуге 145 288 талапкер қатысты. Оның ішінде 109 693 түлек – қазақ тілінде, 35 245 – орыс тілінде, 350 оқушы ағылшын тілінде тестілеуден өтті. ҰБТ-ға биылғы 123 261 түлек пен өткен жылдары мектеп бітірген 22 027 түлек пен колледж бітірушілері қатысты.
2021 жылы ҰБТ-ның орташа балы 69,08-ді құрады. 2020 жылмен салыстырғанда орташа балл 5 балға (64,06) артты. Шекті балды 88 101 тестіленуші (60,6%) жинады. 57 187 немесе тестіленушілердің 39,4%-ы шекті балдан өте алмады.
"Орташа балдың өсуі оқуға түсушілердің ҰБТ тапсыруға 2 мүмкіндігінің болуына байланысты деп есептейміз. Нәтижелерін жақсарту үшін дайындалу мүмкіндігі туды. Электронды форматты енгізу арқылы тестіленушілердің жауаптарын түзетуге, тест тапсырмаларын шешуге уақыт жеткілікті болды", – деді Ұлттық тестілеу орталығы директорының міндетін атқарушы Наужан Дидарбекова.
Республика бойынша жалпы 1 923 талапкер 120-дан жоғары балл жинаған. Ең жоғары 140 балды 1 тестіленуші алған. Былтыр 1 талапкер ғана 139 балл жинады.
Тестілеуге кіргізу үш деңгейлі жүйе бойынша жүргізілді:
- Face ID жеке басын сәйкестендіру жүйесі арқылы;
- жеке куәлік;
- отырғызу орнында жеке басын сәйкестендіру.
Наужан Дидарбекованың сөзінше, тестілеушінің орнына бөгде адам кірмек болған фактілер анықталған. Былтырға қарағанда биыл 7 адамнан 18 адамға дейін өсті. Face ID жүйесінің көмегімен барлық құқық бұзушылар анықталып, қажет шаралар жүргізіліп жатыр.
"ҰБТ кезінде түлектер неше түрлі қулыққа барды. Жасырын камералармен келіп, микроқұлаққаптар, шоколад қағазына қапталған смартфондар, 45-өлшемді кроссовкаға ұлтарақ ретінде салынған ұялы телефон, маска-шпаргалкалар пайдаланған. Жалған тұлғалардың тоғызына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Елордалық төрт оқушы жеке басын куәландыратын құжаттарды қолдан жасап, орнына ЖОО-ның төрт студенін кіргізбек болды. Олардың деректері құқық қорғау органдарына берілді. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", – деді ол.
Тестілеуге кіргізу кезінде тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан 756 түлек ҰБТ тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Ережелерді бұзғаны үшін тестілеу кезінде аудиториядан 1 305 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды. Былтырмен салыстырғанда ҰБТ-да тыйым салынған заттарды қолдану 3 есеге, яғни 2 363-тен 749-ға азайған.
Оқи отырыңыз: 2021 жылы бакалавриатқа 51 500, магистратураға 13 500 грант бөлінеді
ҰБТ соңғы нәтижелері тамыз айында дайын болады. Қолданыстағы ережелерге сәйкес барлық бейнежазбалар ағымдағы жылдың 25 тамызына дейін талданып, тыйым салынған заттарды пайдалану анықталған жағдайда, тестілеушінің балдарымен қоса білім беру грантын тағайындау конкурсының нәтижесі де жойылады. 2020 жылы 1 216 тестіленушінің ҰБТ нәтижесі жойылып, білім беру грантына ие болған 100 талапкер ЖОО-да оқу мүмкіндігінен айырылды.
ҰБТ-ға мүмкіндігі шектеулі 90 бала қатыстқан. Оларға жеке аудиториялар мен көмекшілер ұсынылған. Тестілеу кезінде дене қызуы көтерілген тоғыз түлек сауыққаннан кейін ҰБТ-ны қайта тапсырды.
Спикерлер ҰБТ-ның жаңа форматында апелляцияға өтініш беру өте ыңғайлы екенін айтады. Яғни, тестіленуші тестілеу аяқталғаннан кейін бірден жарты сағат ішінде жауаптарымен келіспейтін сұрақтарды апелляцияға бере алады. Биыл апелляцияға 42 084 өтініш түсіп, оның 321-і қанағаттандырылды.
"Сұрақтар базасы жыл сайын кем дегенде 30% жаңартылады. 2021 жылы бейіндік пәндер бойынша тестке контекст негізінде тест тапсырмалары енгізілді. Контекстке негізделген тест тапсырмалары фактілерді, ережелер мен қағидаларды түсінуге, сонымен қатар ауызша материалдарды, сызбаларды, графиктерді, диаграммаларды түсіндіруге бағытталған", – деді Білім және ғылым вице-министрі Әділет Тойбаев.
Оқи отырыңыз: Шетелдегі қандастар Қазақстан ЖОО-ларына ҰБТ тапсырмай түсе алады. Бұл үшін "Отанға барар жол" байқауына қатысу керек
Қағаз форматпен салыстырғанда электронды тестілеу артықшылығы:
- талапкер тестілеу күні мен орнын өзі таңдайды;
- уақытты үнемдеу. Жауап парағын бояуға уақыт кетірмей, компьютер пернелерін басу;
- тестілеу кезінде алдыңғы тест тапсырмаларында таңдалған жауаптарды өзгерту;
- тестілеу нәтижелерін өңдеу кезінде кездесетін қателерді болдырмау, яғни жауап парағында боялған немесе жартылай боялған жауаптарды сканердің дұрыс оқымауы, жауап парағын толтыру барысында басқа секторлардың боялып кетуі және т.б;
- қате толтырылған жеке бас мәліметтерін өзгерту, сондай-ақ тапсыру тілін, пәндерін ауыстыру;
- тестілеу нәтижелері аяқталғаннан кейін бірден сол жерде, сонымен қатар Жеке кабинетте көрсетіледі;
- тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға беру;
- тестілеуді өткізу рәсімін тұрақты бақылау жүргізіледі (бейнебақылау камералары, ахуалдық орталық, Face ID жеке басын сәйкестендіру);
- калькулятор, Менделеев кестесі компьютерде орнатылған;
- нұсқалар мен дұрыс жауаптар кодтарының бірегейлігі. Тестіленушінің нұсқасы кездейсоқ іріктеу әдісін қолдану арқылы авторизациялау кезінде ғана ашылады.