Бурабайдағы IQanat мектебінде Павел Дуров ауыл оқушыларымен кездесіп, оларға өзінің табысының құпиясын және ақыл-кеңестерін бөлісті, деп хабарлады IQanat қорының баспасөз қызметі.
Кездесуге қатысқан балалардың арасында Павел Дуров қамқоршылық танытып, оқуын қаржыландырған 12 оқушы да бар. Дуров бұл балалардың тағдырымен, оқу барысымен, жетістіктерімен бұрыннан таныс болса да, олармен бірінші рет кездесті.
"Оқушылар бұл сәтті тағатсыздана күтті. Не дегенмен, жобаларын 1 миллиард адам пайдаланатын және бүкіл әлем бойынша миллиондаған жанның өмірін өзгерткен адам мектеп қабырғасына күнде келе бермейді. Павел кампусты аралап, балалардың қалай тұратынын көрді және ең бастысы – олармен емен-жарқын әңгімелесті. Әңгіме барысында Павел Дуров өзінің мектепте қалай оқығаны, бағдарламалаудағы алғашқы тәжірибелері туралы ашық айтты. Сондай-ақ, жасанды интеллектінің дамуына қатысты көзқарасын бөлісіп, биотехнологияның – болашақтың ең маңызды трендтерінің бірі екенін әңгімеледі", – делінген IQanat хабарламасында.
Павел Дуров қамқорлық танытқан оқушылар Олимпиада, байқаулар мен хакатондарда жеңіске жетіп, қазірдің өзінде тамаша жетістіктерге қол жеткізуде.
"Мен бала күнімнен бағдарламалаушы болуды армандадым, бірақ біздің ауылдағы мектеп өте шағын болатын – менің сыныбымда бар болғаны 3 оқушы болды. Ол жақта менің өсіп-дамуыма мүмкіндік жоқ еді. Павел Дуровтың маған сенімінің арқасында мен IQanat мектебіне түстім, енді оның жолын қуып, IT маманы бола аламын", – деді Ақмола облысының шағын ғана Бұлақсай ауылынан келген 15 жастағы Тимур Хозаев.
Павел Дуров 2024 жылдан бастап жобаның қамқоршысы болып, кәсіпкерлер қауымдастығына қосылған болатын.
Еске салайық, Павел Дуров бүгін Астанада Digital Bridge 2025 халықаралық форумына қатысып жатыр.
USD:
494.1 / 496.9
EUR:
586.5 / 590.5
RUB:
6.35 / 6.47