Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлының Талғардағы Шерзат Полаттың өлімінен кейін жолдаған сауалына Оқу-ағарту министрлігі жауап берді.
Депутат білім беру ұйымдарында "Құқық негіздері" пәнінің бағдарламасын қайта қарап, балаларды өмірде бетпе-бет келетін жайттар мен өмірден алынған нақты кейстерге сүйеніп оқытуды ұсынған болатын.
Оқу-ағарту министрінің орынбасары Еділ Оспанның жауабынша, бұл пән 9-11 сынып оқушыларына оқытылады және қазіргі таңда оның мазмұнын жетілдіру бойынша жұмыс жүріп жатыр.
"Білім мазмұнын жетілдіру аясында 9, 10, 11-сыныптарға арналған "Құқық негіздері" пәнінің үлгілік оқу бағдарламасының жетілдірілген жобасы сараптамадан өткізілгенге дейін педагогтер, ғалымдар, сарапшылар мен әдіскерлер арасында талқыланады.Талқылау нәтижесі және сараптама қорытындысы негізінде берілген ұсыныстар бойынша оқу бағдарламасының жобасына толықтырулар енгізілетін болады", – деді Еділ Оспан.
Оқи отырыңыз:
- Талғардағы Шерзаттың өлімі: Хасан Қасымбаев қамалды
- ҚМДБ Шерзат Болаттың өлімінен кейін қазақстандықтарға үндеу жасады
Оның сөзінше, 11-сынып оқушылары үшін "Құқық негіздерін" оқытуда келесі өзгерістер қарастырылады:
- нақты мысал келтіре отырып, Қазақстан Республикасындағы адам және азаматтың құқығы мен бостандықтарын қорғау механизмін түсіндіру;
- Қазақстан Республикасындағы кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау механизмдерін нақты жағдаяттар мысалында түсіндіру;
- заңдылық пен құқықтық тәртіп ұғымдарын нақты мысалдармен түсіндіру.