Алматы облысы Талғар ауданында 20 жастағы жігітті пышақтап өлтіру фактісі тіркелді, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Марқұмның туыстарының айтуынша, оқиға мейрамхана маңында болған. Сол күні тойдан шыққан бір топ адам жігітті қоршап алып, аяусыз соққыға жыққан. Кейін оған үш жерінен пышақ салынған.
Ауыр жарақат алған 20 жастағы Әнуар Мұсаев оқиға орнында көз жұмған. Жақындарының сөзінше, марқұм Алматы қаласының тұрғыны болған, ал шабуыл жасағандардың барлығы Жаркент қаласынан келген.
Туыстары құқық қорғау органдары тек бір күдіктіні қамады деп мәлімдегенімен, полиция бірнеше адамның ұсталғанын хабарлады.
Алматы облысы полиция департаменті өкілі Ернар Сәйділдиннің айтуынша, жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде 20 жастағы негізгі күдікті ұсталып, қамауға алынған.
Сонымен қатар бұзақылық дерегі бойынша тағы үш адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Алайда сот шешімімен олардың екеуіне үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған. Ал кәмелетке толмаған күдіктіге қатысты қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес шара таңдалды.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
USD:
463.1 / 465.7
EUR:
543.5 / 548.5
RUB:
6.01 / 6.13