Тікелей эфир

"Шұлықтың өзі шетелден әкелінеді". Мәжіліс депутаты жеңіл өнеркәсіпті субсидиялауды ұсынды

Импорттық тауарлардың бағасы арзан болғандықтан отандық өндірушілер олармен бәсекеге түсе алмайды.

Парламент мәжілісінің депутаты Қайрат Балабиев премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жолдаған депутаттық сауалында жеңіл өнеркәсіп саласындағы күрмеуі шешілмеген мәселелерді көтерді.

"Экономиканың негізгі бөлігі болатын жеңіл өнеркәсіптің мысын әлі күнге импорт басып жатыр. Тоқыма-тігін саласы көбеймей де, барының өзі аяғына нық тұра алмай да келеді. Бұған мемлекеттік қолдаудың жеткіліксіздігі және салықтың жоғары жүктемесі себеп. Жаңа өндірістерді құру қарқыны төмен, жұмыс істеп тұрған өндіріс өспейді. Мысалы, 2024 жылғы есеп бойынша елімізде тоқылған және трикотаж шұлық бұйымдарын өндірумен айналысатын 24 заңды тұлға бар. Оның ішінде бір ғана кәсіпорын орта бизнес болса, ал қалған 95,8%-ы шағын бизнес қатарында. Бұл ретте шұлық түрлерінің 80 пайызы шетелден әкелінеді", – деді депутат.

Қайрат Балабиев импорттық тауарлар өте арзан бағада болғандықтан, жоғары сұранысқа ие екенін, сол себепті отандық өндірушілер импорттық өнімдермен бәсекеге түсе алмайтынын айтты.

"Импорттық өнімнің басым бөлігі төмен баждармен әкелінеді. Бұған Қазақстан-Қытай шекарасындағы экономикалық және контрабандалық сипаттағы құқық бұзушылықтар да ықпал етеді. Бұдан басқа, отандық кәсіпорындар сапалы шикізатқа, сондай-ақ Қазақстанда өндірілмейтін шикізатқа мұқтаж және ішкі нарыққа жеткізілетін өнімнің құнына 12% көлемінде салық төлейді. Мұның бәрі отандық өнімнің түпкілікті бағасы қымбатқа түсуіне әкеп соғады. Сондай-ақ, елімізде отандық өнеркәсіп қолдау таппай, өндірілген өнім көлемін мемлекеттік субсидиялау көзделмеген", – деді ол.

Мәжіліс депутаты экспортты ұлғайту үшін мемлекет басшысының үкіметке отандық өндіріс тауарларын және оның шетелге импортталуын ілгерілету үшін тиісті шаралар қабылдауды тапсырғанын атап өтті.

"Өкінішке орай, мұндай маңызды салада жұмыс дұрыс жүргізілмей жатыр. Біздің кәсіпкерлер үшін негізгі экспорттық нарық Ресей болып тұр. Онда жыл сайын 9,7 млн долларға өнім жеткізіледі, бұл барлық экспорттың 98%-ын құрайды. Былтыр отандық кәсіпорындар басқа елдерге 9,9 млн АҚШ доллары сомасында 490,9 тонна шұлық экспортталды. Бұл өте төмен көрсеткіш. Қытайда қызмет көрсетуге немесе тауарларды сатуға байланысты шағын салық төлеушілер үшін ҚҚС ставкасы 1% құрайды. Компанияның айналымы тоқсанына 300 мың юаньнан аспаса, онда ҚҚС мөлшерлемесі 0%-ға тең. Осы кредиттік мөлшерлемелер айналым қаражаты мен инвестицияларды толықтыруға қолданылады. Қытай 15 жыл бұрын өндіріс ағынын арттыру және бәсекеге қабілеттілікті жақсарту үшін 1,2% несие мөлшерлемесін бөлді", – деді Қайрат Балабиев.

Депутат осы мәселелер отандық тауарлардың ішкі нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға кедергі жасайтынын айтты.

"Экономиканың басты тірегі – өнеркәсіп. Біз бәсекелестікті арттырмасақ, кез-келген кәсіптің қарқынды өсіп-өркендеуі оңай болмайды. Сондықтан Үкімет жеңіл өнеркәсіптің даму жолындағы тосқауылдарды жою және оған жан-жақты қолдау көрсету арқылы импортты алмастыру сондай-ақ, оған тәуелділікті азайту жолдарын қарастыруы қажет. Сонда ғана мемлекет басшысының бұл бағыттағы тапсырмасы орындалады", – деді мәжіліс депутаты.

Осыған байланысты Қайрат Балабиев мынадай ұсыныстар жасады:

  • Ұлттық бизнесті қолдау және қорғау, шұлық түрлерінің отандық өндірісін дамыту және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында оларды ішкі нарықта алынатын 12% қосылған құн салығынан босату;
  • Өндірушілерге шығарылатын өнімнің салмақтық көлеміне қарай мемлекеттік субсидиялар бөлу;
  • Осы салада орта кәсіпкерлікті дамыту мақсатында 3%-дан аспайтын жеңілдетілген несиелер беру бойынша мемлекеттік шаралар қабылдау;
  • Отандық өнеркәсіптің дамуы мен өркендеуіне кедергі келтіретін Қазақстан-Қытай шекарасындағы экономикалық және контрабандалық қылмыстарды жоюға және кеден қызметінің мінсіз және ашық қызметін қамтамасыз етуге бағытталған қажетті іс-шараларды жүргізуді тапсыру;
  • Отандық кәсіпорындар өндіруге дайын жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің жекелеген түрлерінің импортына баж салығын ұлғайту.
Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары