Мәскеуде Positive hack days фестивалінің аясында өткен Standoff 15 киберсайысында Қазақстан мен Ресейдің IT сарапшыларынан құралған Fr13nds & Phackers командасы екінші орынды иеленді.
Standoff 15 киберсайысына биыл 15 елден 31 команда қатысса, олардың қатарында ТМД, Еуропа, Оңтүстік-Шығыс Азия және Таяу Шығыс елдерінің спортшылары болды.
Сайыс барысында қатысушы ақ хакерлердің бір тобы виртуалды мемлекет инфрақұрылымына шабуыл жасаса, екінші топ оны қорғауға әрекет етті. Оның қатарында 7 маңызды сала бар: металлургия, энергетика, мұнай-газ саласы, банк секторы, қалалық орта, авиация және логистика. Сайыс ұйымдастырушыларының айтуынша, инфрақұрылым кодтары ойдан шығарылмаған, қолданыстағы жүйенің виртуалды көшірмесі. Сәйкесінше, Standoff 15 қатысушылары анықтаған жүйедегі осал тұстар мен оларды қорғау жолдары кейін шынайы цифрлық технологияларда қолданылады.
Сайыс қорытындысында ресейлік Dreamteam командасы 195 388 ұпаймен бірінші орынды иеленсе, Fr13nds & Phackers командасы (Қазақстан мен Ресей) 127 466 ұпай жинап, екінші орынға тұрақтады. Үшінші орын ресейлік Dataeli&only_f4st командасына бұйырды.
Сондай-ақ, қазақстандық Mimicats командасы 23-орынды иеленді.
"Командаға енген жастардың көбі Қазақстанда мемлекеттік және коммерциялық компанияларда қауіпсіздік саласында еңбек етеді. Бәрі де білікті мамандар. Қазақстанда бұл салада сапалы кадр аз болғандықтан, мамандардың жұмысы жоғары бағаланады", – деді Fr13nds командасының өкілі Бекжан Дәрменов.
USD:
507.5 / 510.9
EUR:
590.5 / 595.5
RUB:
6.51 / 6.63
