Тікелей эфир

Шымкент полицейлері балалар үйінің тәрбиеленушісінің арманын орындады

14 жастағы Ислам Сүлейменов – Шымкенттегі №4 балалар үйінің тәрбиеленушісі

Ол кішкентайынан полиция қызметкері болуды армандайды. Форма киген патрульдік көліктегі адамдардың жұмысын қызыға бақылайды. Тәртіп сақшылары жасөспірімнің арманын жүзеге асыруды ұйғарып, полиция департаментіне шақырды. Бұл туралы Polisia.kz жазды.

Мұнда Исламға полиция басқармасының “жүрегі” – жедел басқару орталығы көрсетілді. Ол үлкен залдың қабырғасын алып жатқан экрандар арқылы мегаполис өмірін тамашалау кезінде түрлі эмоцияға бөленді. Жедел басқару орталығына барғаннан кейін мектеп оқушысы патрульдік полиция полкінің қызметтік көлігінің жүргізуші орындығына отырып, көлік ішіндегі құрал-жабдықтармен танысып, нағыз рация арқылы байланысқа шықты.

"Одан кейін Ислам қаланың бас полицейімен кездесті. Думан Таев оны жылы қабылдап, болашақ офицермен кездескеніне қуанышты екенін білдірді. 8-сынып оқушысы құқық қорғау мамандығын таңдайтынын, өйткені ол әрқашан адамдарды қорғап, оларға көмектесуді қалайтынын айтты. Думан Таев жеткіншекке өз фуражкасы мен қолсағатты сыйға тартып, алға қойған барлық арман-мақсаттарына жетуін, болашағы жарқын болуын тіледі", – деп жазылған хабарламада.

Айта кетейік, №4 балалар үйінің тәрбиеленушілері төрт жылдан астам уақыттан бері Шымкент қаласы Полиция деппартаменті қызметкерлерінің қамқорлығында. Ал осы мекеменің үш түлегі бүгінде ҚР ІІМ Қарағанды академиясының курсанты.


Оқи отырыңыз: "Төрттік баға алсам, ұрысатын". Үздік оқушы синдромы деген не және ол жетістікке жетуге неге кедергі?


 

Серіктестер жаңалықтары