Тікелей эфир

Сенатор Нұртөре Жүсіп: Жеті атасын, тегін білмей үйленіп жатқан жастар көп

Депутат Қазақстанда тектілікті сақтап қалуға кедергі келтіріп отырған жайттарды атады.

Астанада өткен "Тектілік – асыл қасиетіміз" республикалық конференциясында сенат депутаты Нұртөре Жүсіп сөз сөйледі, деп хабарлады ҚМДБ баспасөз қызметі. 

"Адам баласының тектілігі шыққан тегі ғана емес, оның жүріс-тұрысы, ойлау жүйесі, мінез-құлқынан көрініп тұрады. Сонымен қатар, білім мен тәрбие, адамгершілік қасиеттер, ұлттық құндылықтарды құрметтеу де тектіліктен көрініс табады. Дегенмен, тектілігімізді сақтап қалуға кедергі келтіріп отырған жайттар бар. "Ауруын жасырған өледі" демекші, өкінішке қарай, еліміз ажырасу және суицид бойынша әлемде алдыңғы қатарда тұр. Жеті атасын, тегін білмей үйленіп жатқан жастар көп. Әлеуметтік желілер санамызды улап, балаларымыздың көзі мен құлағы нашарлады. Балаларымыз жапырақтың сыбдырын, бұлақтың сылдырын естімейтін болды. Бұл – бәрімізді де ойландыратын, толғандыруы тиіс өзекті мәселелер. Себебі мұндай жағдайда тектілігімізді сақтап қала аламыз ба деп ойлаудың өзі қорқынышты", – деді Сенат депутаты.

Бұл конференцияда бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы да баяндама жасап, тектіліктің Ислам дініндегі маңызы туралы әңгімелеген болатын. Оның айтуынша, қазақтар – түркілік тегімізді сақтай білген жоралы жұрт.

"Қазақ халқында "Текті адам – елдің ұйытқысы" деген сөз бар. Тектілік – тек қанның тазалығы емес, сонымен бірге рухани байлықтың, ізгілік пен адалдықтың нышаны. Ата-ананың тәрбиесі, отбасындағы өнеге – баланың болашағына тікелей ықпал ететін факторлар. Өмірінде кездесетін ұстаздары, достары, яғни, ортасы да адамның тектілігін сақтауына немесе жоғалтып алуына әсер етпей қоймайды", – деді бас мүфти. 


Оқи отырыңыз: 


 

Серіктестер жаңалықтары