Марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанның анасы Сәлима Омарова қызының өліміне қатысты сот отырысында сөз сөйледі. Ол қызының қайтыс болғанын естіген сәтін және ауруханаға барғандағы жағдайды айтып берді.
Сәлима Омарова тұрмыста екенін, Ұлдананы қосқанда үш қызы болғанын айтты. Оның сөзінше, отбасы Түркістан облысының Жетісай ауданынан, қазір Астанада тұрады.
Марқұмның анасы 8 қарашада қызымен видео арқылы сөйлескенін айтты. Сол күні Сәлима Омарова Шымкентке баруға дайындалып жүрген.
"Мен сол күні Шымкентке баруым керек еді. Видеоны сөндіріп сөйлесейік дедім. Ол қазір бір шақыртуға шығамын деді. Мен қызыма әр шақырту сайын хабарласып отыруын сұрайтынмын. Ол барлығын ескертіп отыратын. Сол күні қайда бара жатқанын айтпады. Шақыртуға бара жатқан кезде көбірек сөйлесейікші деп айтты. Мен дүкенге барып азық-түлік алу үшін асығып тұрдым. Дүкенге бару үшін 30 минут уақыт керек болды. Қызым шақыртуға келгенін, шыққан соң хабар беретінін айтты", – деді ол.
Алайда көп ұзамай оған Әділеттің анасы хабарласып, Ұлдананың үстіне дүкеннің қабырғасы құлағанын айтқан.
Сәлима Омарова құдағидың дауысы әдеттегіден өзгеше болғанын, оның қатты уайымдап тұрғанын байқағанын айтты.
"Мен жаңа ғана қызыммен сөйлестім ғой деп абдырап қалдым. Құдағидың соңынан үлкен қызым хабарласып, ауруханаға тезірек келуімді айтты. Абдырап дүкенде отырып қалдым. Жан-жағымдағы адамдар су әкеліп, ес жинадым. Дереу үйге келіп, таксимен шығып кеттім. Ұшаққа билет алып, кешкі 8 шамасында бірден ауруханаға жеттік", – деді Сәлима Омарова.
Оның айтуынша, ауруханаға келгенде оны бала-шағасы, Әділет және оның анасы күтіп алған. Алайда қызының жағдайы туралы нақты ақпарат ала алмаған.
"Менің сұрағыма ешкім жауап бере алмады. Операция енді жасалған соң, мені кіргізбеді. Жансақтау бөлімінде біз күзетіп отырдық. Маған қызымның жағдайын ешкім ашып айтпады", – деді ол.
Сәлима Омарова қызының жансақтау бөлімінде бірнеше адаммен бірге жатқанын айтты.
"Қызымның жағдайы осындай болады деп үш ұйықтасам да ойламадым. Мен "қызым, қайта хабарласам дедің ғой" деп айтқым келді, ол мені естімей жатқанын білдім. Сыртқа шыққанда өзегім өртенді", – деді марқұмның анасы сотта.