Астанада марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанға арналған ескерткіш тақта орнатылды

Ескерткіш тақта. Фото: Астана әкімдігіні ресми сайты
Ескерткіш тақта. Фото: Астана әкімдігіні ресми сайты
Денсаулық сақтау министрі оның есімі отандық медицина тарихында жазылатынын атап өтті.

Астанада қалалық жедел медициналық жәрдем станциясы ғимаратының қабырғасына қызметтік міндетін орындау барысында қаза тапқан фельдшер Ұлдана Мырзуанға арналған ескерткіш тақта орнатылды. Бұл туралы Астана әкімдігінің ресми сайты жазды.

Ескерткіш тақтаның ашылу рәсіміне Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мен Ұлдана Мырзуанның анасы Сәлима Ишанқұлқызы, туыстары және жедел медициналық жәрдем станциясының қызметкерлері қатысты.

"Ұлдана Қалдарханқызы 2017-2021 жылдары Астана қаласындағы "Даналық" колледжінде емдеу ісі мамандығы фельдшер біліктілігі бойынша білім алып, оқу орнын үздік дипломмен бітірген. Бүгін сол колледжде Ұлдананың атындағы арнайы аудитория ашылады. Оқу бітіргелі 4 жыл көлемінде өмірінің соңына дейін Астана қалалық Жедел медициналық жәрдем станциясында еңбек етті. Жас болса да, кәсіби адалдығымен көзге түскен және шұғыл жағдайларда өз бетінше шешім қабылдай алатын білікті маманға айналды. Ұлдана Қалдарханқызының туған-туыстарына, анасына, жақындарына, жұбайына, жедел жәрдем қызметкерлері ұжымына Қазақстандағы медицина саласында жұмыс істеп жүрген 300 мыңнан аса қызметкердің атынан, өз атымнан қайғырып, көңіл айтамын", – деді министр Ақмарал Әлназарова.

Ұлдана Мырзуанның анасы Сәлима Ишанқұлқызы марқұм қызына құрмет көрсетіліп жатқаны үшін Денсаулық сақтау министрі мен медицина саласының қызметкерлеріне алғысын айтты.

Еске салайық, кәсіби қызметін атқару барысында ауыр жарақат алған фельдшер Ұлдана Мырзуан 18 қараша күні ауруханада қайтыс болған еді.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

lw-3094948329-1

Серіктестер жаңалықтары