Қазақстаннан АИ-92 маркалы бензинді Қырғызстанға заңсыз шығарумен айналысқан қылмыстық топқа қатысты тергеу аяқталды. Тергеу мәліметінше, тоғыз адамнан тұратын топ 190 мың тоннадан астам жанармайды жалған құжаттар арқылы шетелге экспорттаған, деп хабарлайды Қаржылық мониторинг агенттігі.
Ведомство мәліметінше, топ құрамында тоғыз адам болған. Олар заңсыз схеманы жүзеге асыру үшін мұнай өнімдерін сатып алу, құжат рәсімдеу және экспорттау мақсатында 12 заңды тұлғаны тіркеген.
"Тергеу барысында күдіктілер бензиннің шығу тегін заңдастыру үшін "Қара Май ОйЛ" ЖШС мен "Petro Bazis" ЖШС шағын мұнай өңдеу зауыттарын пайдаланғаны анықталған. Құжат жүзінде кәсіпорындар АИ-92 бензинін жеңіл дистиллятпен немесе еріткішпен араластыру қызметін көрсеткен. Алайда іс жүзінде бензин ешқандай технологиялық өңдеусіз теміржол цистерналарына құйылған. Одан кейін жалған құжаттар рәсімделіп, бензин ароматты көмірсутектер қоспасы, еріткіш немесе жеңіл көмірсутектер қоспасы ретінде декларацияланған", – делінген хабарламада.
Тергеу деректеріне сәйкес, осылайша автокөлік бензині мұнай-химия өнімі ретінде көрсетіліп, Қырғыз Республикасы аумағына заңсыз шығарылған.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, заңсыз экспортталған бензин көлемі 190 мың тоннадан асып, қылмыстық топтың көлеңкелі айналымы 37,2 миллиард теңгеден асқан.
"Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Түрксіб станциясы аумағында Қырғызстанға жөнелтілмек болған шамамен 500 тонна заңсыз бензин тиелген сегіз теміржол цистернасы ұсталған. Құны 138 миллион теңге болатын тәркіленген жанармай мемлекет кірісіне өткізілді. Қылмыстық іс сотқа жолданды", – делінген хабарламада.