Қазақстандық Orthodoc компаниясы тісті түзеуге арналған мөлдір элайнерлерді отандық өндірісте шығарады. Компания ортодонтияда цифрлық шешімдерді дамытып, болашақта Орталық Азия мен Таяу Шығыс нарығына шығуды көздейді.
Orthodoc медициналық технология мен жергілікті өндірісті ұштастырып отыр. Компания пациенттің жеке ерекшелігіне негізделген цифрлық ортодонтиялық емді дамытады. Мақсаты – заманауи ем тәсілдерін қазақстандықтарға қолжетімді ету.
"Оортодонтияның қолжетімділігіне ең алдымен емнің құны әсер етеді. Өндірісті елде орналастыру шетелден жеткізілетін өнімге тәуелділікті азайтады. Сонымен қатар пациенттерге дәстүрлі ортодонтиялық жүйелерге балама ұсынуға мүмкіндік береді. Orthodoc өндіріс жылдамдығына да басымдық береді. Дайын элайнерлер жиынтығы клиникаға жеті күн ішінде жеткізіледі. Алайда емнің ұзақтығы мен нәтижесі әр пациенттің клиникалық жағдайына және маман құрған ем жоспарына байланысты", – дейді компания өкілдері.
Компания балалар мен жасөспірімдерге арналған Teen Aligners желісін әзірлеген. Бұл желіні жасау кезінде жақ сүйегінің өсуі мен сүт тістерінің ауысу ерекшеліктері ескерілген. Тістеу ақауын ерте анықтау емнің қажеттілігін бірден айқындауға көмектеседі. Сондай-ақ ортодонтпен бірге тиімді тәсілді таңдауға мүмкіндік береді.
Мөлдір элайнерлер медициналық көрсеткіші сәйкес келетін пациенттерге брекеттің баламасы бола алады. Оларды тамақ ішкенде және тіс тазалағанда шешіп алуға болады. Дегенмен элайнерді белгіленген режиммен тағу және дәрігердің ұсынымдарын сақтау қажет.
Orthodoc ортодонтиялық емге қаражаты жетпейтін отбасыларға да назар аударады. Компания әлеуметтік осал топтарды қолдау үшін "Береке" орталығымен меморандумға қол қойды.

Компания ем жоспарлау құралдарын жетілдіру және өндірістік процестерді оңтайландыру үшін, сондай-ақ компанияның өз технологияларын дамыту үшін медициналық процестерді цифрландырып, жасанды интеллектіні енгізбек.
Orthodoc негізін қалаушы Айра Жәнібек пен басқарушы серіктес Ибрахим Ташим жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Бақтияр Мұхаметқалиевпен, сондай-ақ ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щегловамен кездесу өткізді. Келіссөздер барысында тараптар медицина мен ортодонтия саласында жасанды интеллектіні қолдану мүмкіндіктерін, мамандандырылған ЖИ-лабораториясын құруды, халықаралық технологиялар трансферін, отандық мамандарды даярлау мен ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру мәселелерін талқылады.
Алдағы уақытта Orthodoc өндіріс ауқымын кеңейтіп, Орталық Азия мен Таяу Шығыс елдеріндегі серіктестікті дамытуды көздеп отыр. Компания сыртқы нарыққа шығу елімізде халықаралық технологияларды өрістетуге және цифрлық ортодонтияны шетелде кеңінен қолдануға септігін тигізеді деп сенеді.