Қазақстан 2025 жылғы сәуір айына дейін Сырдария өзені арқылы шамамен 11 миллиард текше метр су алады, деп хабарлайды Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі.
Бұл 2025 жылғы суару маусымында еліміздің оңтүстік аймақтарына қажет су көлемін жинақтауға мүмкіндік береді. Келісім мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының 87-ші отырысында жасалды.
Отырыс Түркіменстанның Ашхабад қаласында өтті. Кездесуге Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстанның су шаруашылығы ведомстволарының басшылары қатысты. Ал Қырғызстан елінің өкілдері бақылаушы ретінде барды.
Айта кетейік, отырысқа қатысушылар Сырдария және Амудария өзендері бассейндеріндегі су қоймаларының болжамды жұмыс кестесін бекітті, сонымен қатар 2024-2025 жылдардың күзгі-қысқы кезеңіне Орталық Азия елдеріне су беру көлемін айқындады.
"Биыл келіссөздер мен бірлескен жұмыстың нәтижесінде біз Сырдария өзені бассейнінде суды тиімді бөлуге қол жеткіздік. Сонымен қатар 86-шы отырыс қорытындысы бойынша бірлесіп атқарылған жұмысқа оң бағамды бергім келеді. Атап айтқанда, Қырғызстанмен су-энергетикалық ынтымақтастық туралы келісімдер жүзеге асырылды, сонымен бірге биыл суару маусымында "Бахри-Точик" су қоймасының жұмыс кестесін үйлестіру бойынша іс-шаралар қабылданды", – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
МСШҮК келесі, 88-ші отырысы 2025 жылдың бірінші тоқсанында Душанбе қаласында өтеді.