Қазақстан азаматтары үйін табиғи апаттан сақтандыруға міндеттеледі

Фото: Depositphotos.com
Фото: Depositphotos.com
Жылына 10 мың теңге төлеген тұрғынға 5 млн теңге өтемақы берілуі мүмкін.

Қазақстанда баспананы міндетті сақтандыру жүйесін енгізу жоспарланып отыр. Сақтандыру құны жылжымайтын мүлік салығына және үй орналасқан өңірдегі табиғи апат қаупіне байланысты есептелмек, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Жаңа жүйе бойынша жер сілкінісі, су тасқыны және орман өрті қаупі жоғары аймақтарда тұратын азаматтардың сақтандыру жарнасы көбірек болуы мүмкін.

Сақтандыру төлемінің ең төменгі мөлшері 0,5 АЕК, ал ең жоғарғысы 5 АЕК болады. 2026 жылғы есеп бойынша бұл шамамен 2 мыңнан 21 мың теңгеге дейін. Міндетті сақтандыру табиғи апат салдарынан баспана толық қираған немесе тұруға жарамсыз болып қалған жағдайда өтемақы төлеуді көздейді. Өтемақы үйдің нарықтағы құнына емес, иесінің жыл сайын төлеген сақтандыру жарнасына қарай есептеледі. Егер баспана қатты бүлінсе, жылдық жарнаның 250 есесі, ал толық қираған жағдайда 500 есесі көлемінде төлем жасалады.

Мысалы, тұрғын жылына 10 мың теңге жарна төлесе, үйі қатты бүлінген жағдайда 2,5 млн теңге, ал толық қираса 5 млн теңге өтемақы алуы мүмкін. Алайда жылжымайтын мүлік сарапшысы Жеңіс Шәріпұлы мұндай қаражат кей жағдайда баспананы толық қалпына келтіруге жеткіліксіз болуы мүмкін екенін айтады.

"Алматыда 700 мың үй бар. Әр үйден 5 мың теңгеден жинаса, шамамен 3,5 млрд теңге жиналады. Бұл қаражаттың өзі барлық шығынды өтеуге жеткіліксіз", – деді сарапшы.

Жоспарланып отырған жүйе табиғи апаттың төрт түрін қамтиды: жер сілкінісі, су басу, су тасқыны және орман өрті. Ал салғырттықтан немесе басқа себеппен шыққан өрт сияқты жағдайлар сақтандыру төлеміне кірмейді. Оқиғаның сақтандыру жағдайына жататынын әкімдік жанынан құрылатын арнайы комиссия анықтайды.

Сондай-ақ полис үйдің ішіндегі жиһазды, тұрмыстық техниканы және басқа да жеке мүлікті қамтымайды. Жоспарға сәйкес, 2030 жылдан бастап сақтандыру жарналарын жинау және азаматтарға өтемақы төлеу мәселесімен тұрғын үйді міндетті сақтандыру қоры айналысуы мүмкін.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау