2025 жылы 14 828 этникалық қазақ тарихи отанына оралып, қандас мәртебесін алды. Ал 1991 жылдан бері Қазақстанға көшіп келген этникалық қазақтардың жалпы саны 1 млн 162,9 мың адамға жетті, деп хабарлайды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау саласындағы деректерге сәйкес, жыл басынан бері елге келген қандастардың 44,5%-ы Өзбекстаннан, 43,6%-ы Қытайдан, 4,1%-ы Түрікменстаннан, 3%-ы Монғолиядан, 2,5%-ы Ресейден, ал 2,3%-ы басқа мемлекеттерден қоныс аударған.
2025 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша этникалық қоныс аударушылардың 57,4%-ы еңбекке қабілетті жаста, 34%-ы еңбекке қабілетті жастан кіші, ал 8,6%-ын зейнеткерлер құрайды. Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың білім деңгейі бойынша 15%-ы жоғары білімді, 27,6%-ы орта кәсіби, 51,1%-ы жалпы орта білімді, ал 6,3%-ының білімі жоқ екені анықталған.
Қандастар Қазақстанның түрлі өңірлеріне қоныстанған. Сонымен қатар еңбек күші тапшы аймақтар ретінде Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстары белгіленген. Аталған қоныстандыру өңірлерінде 2025 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 2 309 адамды құрайды. 1 желтоқсандағы жағдай бойынша бұл өңірлерге 2 218 қандас қоныс аударған.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда 14 103 шетел азаматы жұмыс істеп жүр. Еңбек мигранттары негізінен қай елден келген
Мемлекет тарапынан қандастарға бірқатар қолдау шаралары көрсетілуде. Атап айтқанда, көшуге отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (275,2 мың теңге) мөлшерінде біржолғы субсидия, ал тұрғын үй жалдау және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу үшін бір жылға 15–30 АЕК (59–118 мың теңге) көлемінде қаржылай көмек қарастырылған.
Жыл басынан бері 1 279 қандасқа түрлі мемлекеттік қолдау көрсетіліп, олардың 356-сы тұрақты жұмысқа орналастырылды. Сонымен қатар ерікті қоныс аударуды ынталандыру мақсатында солтүстік өңірлерге көшуді қолдайтын жаңа институционалдық шаралар енгізілді. Соның бірі — экономикалық ұтқырлық сертификаты. Бұл сертификат тұрғын үй сатып алу, салу немесе ипотекалық қарыздың бастапқы жарнасының бір бөлігін жабуға арналған және тұрғын үй құнының 50%-ына дейін немесе бір отбасына 4,56 млн теңгеге дейін біржолғы, қайтарымсыз негізде беріледі.
lw-3094948329-1
USD:
511.9 / 514.9
EUR:
601.0 / 606.0
RUB:
6.41 / 6.53