Тікелей эфир

Оқу-ағарту министрлігі мектеп оқулықтарын тексереді

Оқу-ағарту министрлігі "Жаратылыстану" оқулығында көрсетілген (6-сынып) сілтеме ересектерге арналған сайтқа бағыттайтынын айтты.

Республикалық білім беру мазмұнын сараптау ғылыми-практикалық орталығы Instagram әлеуметтік желісінде жарияланған 6-сыныптың "Жаратылыстану" оқулығы (ред. "Атамұра", 2018 жыл) туралы бейнежазбаға қатысты жауап берді. Бұл туралы Elitar.kz хабарлады.

"Бұл оқулық мемлекеттік сараптамадан өтіп, 2017 жылы орыс тілінде оқытатын мектептерде қолдануға рұқсат етілген. Оқулықты пайдаланған 6 жыл ішінде мектептерден мұндай шағым түскен жоқ. §33 "Жасуша әлеміне экскурсия" тақырыбындағы оқушыға берілген тапсырмада жасуша органеллаларының қызметіне байланысты қосымша мәлімет алу үшін интернет-ресурстары жазылған. Ресурстардың бірі ретінде biofile.ru сайты көрсетілген. Сараптама кезінде бұл "Биофил" ғылыми-ақпараттық журналының сайты екені анықталды. Оқулықтардағы нақты веб-ресурстарды көрсету балалардың ақпаратты іздеу және талдау дағдыларын дамытуға ықпал етеді деп есептелді. Орталықты тексеру барысында бұл сайттың қазіргі уақытта жұмыс істемейтіні анықталды. Дегенмен браузерлерден сайтты теріп, іздеген кезде күмәнді танысу сайттарына бағыттайды. Web.archive.org мұрағат қызметі арқылы жүргізілген талдау сайттың 2011 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанын көрсетті. Бірақ, соңғы жылдары белсенділігі күрт төмендеген", – делінген хабарламада.


Оқи отырыңыз: Оқулықта қандай қателер болса, баспалар оны түзетіп қайта басады?


Орталық алдағы уақытта баспалармен бірлесіп, оқулықтардағы веб-сайттарға сілтемелерді тексеру жұмысын жүргізбек.

"17 ақпан мен 9 наурыз аралығында сайт әкімшілігі жаңа URL мекенжайын тіркеді. Орталық оқушылардың ақпараттық қауіпсіздігінің маңызын ескеріп, құқық қорғау және басқа да мемлекеттік органдарға тиісті сұраныс жолдады. Сонымен қатар, баспалармен бірлесіп, қолданыстағы қағаз және электронды оқулықтардағы веб-сайттарға сілтемелер тексеріліп, мұғалімдер мен ата-аналарға тиісті нұсқау хаты рәсімделеді", – делінген жауапта.

Серіктестер жаңалықтары