Мектеп оқушыларына тамақтануға кемінде бір сағат уақыт берілуі керек. Нутрициолог әрі қоғам белсендісі Альмира Орлова Денсаулық сақтау министрлігіне осы ұсыныспен петиция жолдады, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы
Петиция авторының айтуынша, кей мектептерде оқушылар ас ішуге арналған үзілісте небәрі 10-15 минутқа ғана үлгереді. Ал жекеменшік мектептерде бұл уақыт 20-30 минутқа дейін созылады. Мұндай қысқа үзіліс балалардың тамақты асығыс жеуіне себеп болады.
Альмира Орлова ас ішуге арналған үзілісті ұзарту оқушылардың тамақты асықпай ішіп-жеп, жақсылап шайнауына және дұрыс тамақтану әдетін қалыптастыруына мүмкіндік береді деп есептейді.
"Балаларға тамақтануға көбірек уақыт беру – қазір көп шығынды қажет етпей шешуге болатын мәселе. Үзіліс уақытын ұзартсақ, оқушылар арасындағы семіздіктің азаюына да ықпал етуі мүмкін. Дамыған елдерде балаларға тамақтануға бір сағатқа жуық уақыт бөлінеді. Францияда бұл көрсеткіш 90 минутқа дейін жетеді. Ол жерде бұл тек тамақтану емес, тамақтанып әрі демалатын уақыт ретінде қарастырылады", – деді петиция авторы.
Нутрициолог бастауыш сынып оқушыларына берілетін тағам көлемін өзі жеп көргенін де айтты. Оның сөзінше, бөлінген уақыт ішінде түскі асты толық ішіп үлгеру қиын. Осыған байланысты ол мектептердің сабақ кестесін қайта қарап, тамақтануға арналған үзілісті ұзартуды ұсынады.
Ал ата-аналардың бұл бастамаға қатысты пікірі әртүрлі. Оқу-ағарту министрлігі мектептердегі тамақтану тәртібі қолданыстағы санитариялық талаптарға сәйкес ұйымдастырылатынын мәлімдеді.
Ведомствоның мәліметінше, сабақ арасындағы үзіліс кемінде 5 минут болуы керек. Ал үлкен үзілістің ұзақтығы 30 минутты құрайды. Бір үлкен үзілістің орнына екінші және төртінші сабақтардан кейін 15 минуттан екі үзіліс ұйымдастыруға да рұқсат етіледі.
Петиция 8 қыркүйекте жарияланған. Қазір оған 50 адам қол қойған. Ұсынысты уәкілетті орган өкілдері тексеріп жатыр. Егер мәселе өзекті деп танылса, петиция жалпы дауыс беруге шығарылады.
Бұл кезеңде бастаманы қолдау үшін 50 мың қол жинау қажет.