Тікелей эфир

"Мүфтият қажылық квоталары үшін пара алады". ҚМДБ желідегі айыптауларға ресми жауап берді

Биыл қазақстандықтарды қажалыққа апаруға 18 туроператордың ғана рұқсаты бар.

Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы әлеуметтік желідегі "Мүфтияттағы қажылық бөлімі әр квота үшін пара талап етеді" деген айыптауларға жауап беріп, қазақстандықтарды қажылыққа бару үшін тек ресми труоператорлардың қызметіне жүгінуге шақырды.

Еске салайық, Zam-Zam Qazaqstan турфирмасы ҚМДБ квотасына алмағанына қарамастан, Іnstagram желісінде қазақстандықтарды 5 мың доллармен үлкен қажылық сапарға апаруға шақырып жарнама жасады. Сондай-ақ, желіде Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасының Қажылық бөлімін "әр квота үшін пара талап етеді" деп айыптаған болатын.

"Zam-Zam Qazaqstan өкілдері қажылық квотаны тікелей Сауд Арабиясынан аламыз деп жарнамалап қажылыққа адам жинап жүр. Шын мәнінде Сауд Арабиясының Қажылық және ұмра министрлігі қажылық квоталарын әр елдің Дін саласына өкілетті мемлекеттік органдарына немесе ресми Исламдық діни басқармаларға (Мүфтият) ғана тиісті талаптар мен тәртіпке сай береді" делінген ҚМДБ ресми жауабында.


Оқи отырыңыз: ҚМДБ қажылық маусымында алаяқ туристік компаниялардан абай болуға шақырды


Сондай-ақ, діни басқарма өкілдері пара алу жөніндегі қауесетті жоққа шығарды. Олардың түсіндіруінше, қажылық орындарын Қажылық бөлімі емес, қажылық саласына қатысы жоқ қоғам және дін қайраткерлері мен діни қызметкерлерден құралған арнайы комиссия мүшелері ашық конкурстық негізде "Үміткер туроператорларға қажылық орындарын бөлу" туралы ҚМДБ ережесінің талаптарына сай бөледі.

Діни басқарманың қажылық бөлімі қажылық маусымында Сауд Арабиясына бейресми жолмен, яғни туристік визамен барудың қауіпті екенін ескертті.

"Қажылық уақытында қажылық визасы болмаған шетел азаматтарын Сауд Арабиясының құзырлы мекемелері заң жүзінде жауапкершілікке тартады" делінген хабарламада.


Оқи отырыңыз: 2023 жылы қазақстандықтарды қажылыққа апаратын 18 туроператор белгілі болды


 

Серіктестер жаңалықтары