Тікелей эфир

Meta компаниясы Қазақстан мұғалімдеріне цифрлық бағдарламалар әзірлеп жатыр

ҚР оқу-ағарту министрі мен Meta компаниясының өкілі Джордж Чен ортақ жобаларды талқылады.

Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Meta компаниясының өкілдерімен кездесті. Meta компаниясының мемлекеттік органдармен байланыс жөніндегі өңірлік басқарушы директоры Джордж Ченмен сұхбат барысында тараптар Facebook және Instagram сияқты әлеуметтік желілерде білім беруді насихаттау жөнінде ынтымақтастық туралы келісті. Сонымен қатар, оқу-ағарту министрі білім беру контентін қазақ тілінде ілгерілетудің маңыздылығын атап өтті, деп хабарлайды ҚР оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.

Facebook, Instagram және WhatsApp сияқты әлеуметтік желілер америкалық Meta компаниясының құрамына кіреді.

"Қазақстандық мұғалімдер әлеуметтік желілерді белсенді пайдаланады. Мысалы, Facebook желісінде бізде бір мұғалім ұстаздар тобын құрған, онда бүгінде 180 мыңнан астам жазылушы бар. Ал бұл – Қазақстанның барлық мұғалімінің жартысы. Бұл – Facebook желісіндегі бір топ қана. Онда мұғалімдер талқылаулар жүргізіп, жаңалықтармен бөліседі, оқушыларды оқыту мен зерттеулер бойынша "ми шабуылын" өткізеді, проблемалық мәселелерді көтереді. Сондай-ақ, бізде Instagram көмегімен белгілі бір пәндер туралы айтатын белсенді педагогтер де бар. Осылайша, олар білім мен ғылымды насихаттайды, оқушылардың қызығушылығын арттырады. Біз үшін мемлекеттік тілде білім беру контентін құру басымдық болады. Қазақ тілі мен білім беру ақпаратын мемлекеттік тілде ілгерілетуде біздің ынтымақтастығымыз жемісті болатынына сенімдік білдіремін", – деді оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов.


Оқи отырыңыз: Руслан Емелбаев: Мамыр айында ҰБТ өткізбеуді жоспарлап отырмыз


Өз кезегінде Джордж Чен қазақстандық педагогтер мен ата-аналардың әлеуметтік желілердегі белсенділігін атап өтіп, олар үшін арнайы тренингтер өткізуді ұсынды.

"Оқушыларды, мұғалімдерді және ата-аналарды оқытатын бізде арнайы команда жұмыс жасайды. Балаларға арналған контент те бар. Ағылшын тілін, қазақ тілін үйренуге, қазақ тілінде білім беру контентін жасауға арналған барлық ресурс бар. Біз мұғалімдерге ақпараттық ресурстарды қалай пайдалану керектігін үйрету бойынша тренингтер ұйымдастырамыз. Мұғалімдер үшін цифрлық бағдарламалар жасап жатырмыз, сондай-ақ, олардың арасында ашық диалогтар жарияланатын ата-аналарға арналған платформамыз бар. Әр ел үшін бағдарламаларды бөлек жасаймыз. Біз білім беру саласында қандай контентті берген дұрыс екенін таңдай аламыз", – деді Meta компаниясының мемлекеттік органдармен байланыс жөніндегі өңірлік басқарушы директоры Джордж Чен.


Оқи отырыңыз: Колледж түлектері университетке түсу үшін екі пәннен ғана ҰБТ тапсырады


Кездесу қорытындысы бойынша тараптар жаңа білім беру жобаларын одан әрі ілгерілету туралы келісті.

Серіктестер жаңалықтары