Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астана әкімі Жеңіс Қасымбек қабылдап, елорданың әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық дамуы жөніндегі есеппен танысты. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Қала әкімінің айтуынша, Астанада негізгі экономикалық көрсеткіштер бойынша тұрақты өсім байқалады. Биылғы алғашқы төрт айда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 588 миллиард теңгені құраған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,1 пайызға жоғары. Инвестициялар негізінен өңдеу өнеркәсібі, білім беру, медицина, көлік, сауда және логистика салаларындағы жобаларға бағытталған.
Astana LRT жобасына да тоқталған әкім жеңіл рельсті көлік желісі толық жұмыс істеп тұрғанын айтты. Сонымен қатар қоғамдық көлік жүйесін жетілдіру мақсатында жобаның екінші кезеңі әзірленіп жатыр.
Кездесу барысында әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мәселелері де қозғалды. Кейінгі жылдары елордада 44 мектеп салынған. Ал жаңа оқу жылында тағы 12 мектеп пайдалануға беріледі. Бұдан бөлек, екі оқушылар сарайын және алты балабақшаны ашу жоспарланған.
Сонымен қатар 2028 жылға дейін екі перинаталдық орталық, көпбейінді аурухана және диагностикалық кешеннің құрылысы аяқталады деп жоспарланып отыр.
Астана қаласының инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымы мен Smart City жобасының жүзеге асырылуы туралы да баяндалды.
"2026 жылы 173 аула мен қоғамдық кеңістікті абаттандыру, сондай-ақ 1,1 миллион түп жасыл желек егу көзделген", – деді әкім.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Астана әкімі Жеңіс Қасымбек жұмысына оң баға беріп, елорданы одан әрі дамыту бойынша бірқатар тапсырма жүктеді.