Тікелей эфир

Кәсіпкерлер 2,4 млрд теңге экологиялық төлем жасаған – олар бұл төлемнен босатылғанын білмеген

2 мыңнан астам кәсіпкерге 2,4 млрд теңге қайтарылады.

Құқық қорғау қызметі аясында Бас көлік прокуратурасы бизнес субъектілерінің құқықтарына нұқсан келтіретін фактілерді анықтады. Бұл туралы Бас көлік прокуратурасы жазды.

"2022 жылдан бастап қоршаған ортаға теріс әсер еткені үшін төлеу бойынша міндеттемелер өзгертіліп, кәсіпкерлердің жекелеген санаттары экологиялық төлемдерден босатылған. Осыған қарамастан, бұл мән-жайларды білмей, кәсіпкерлер тиісті төлемдерді жүргізуді жалғастырды, ал салық органдары олардың негізсіз шығындарын болдырмау мақсатында тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізбеген", – деп жазылған хабарламада.

Мысалы, осындай төлемдерді төлеушілер санатына кірмейтін "№3 Sk автовокзал паркі" ЖШС мемлекеттік бюджетке 15 млн астам теңге төлеген. Сол сияқты басқа 2 203 кәсіпкер де бюджетке негізсіз 2,4 млрд теңгеден жоғары қаражатты аударған.


Оқи отырыңыз: Сарапшылар: 2028 жылы экотуризм индустриясы 374,2 миллиард долларға бағаланады.


Көлік прокуратурасы органдарының араласуынан кейін ғана кәсіпкерлерге оларды осындай алымдарды төлеушілер тізімінен алып тастағандығы туралы жеткізілді.

Сонымен қатар, көлік прокуратурасының актісі бойынша кәсіпкерлерге ақшалай қаражатты қайтару бойынша жұмыс басталып, 500 артық кәсіпкерге шамамен 30 млн теңге қайтарылды.

Мемлекеттік кірістер комитетіне салық заңнамасындағы өзгерістер туралы ақпаратты бизнес қауымдастыққа тиімді жеткізу жөніндегі шараларды әзірлей отырып, осындай жағдайдың туындау себептерін талдау тапсырылды.

Серіктестер жаңалықтары