БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз мәслихаты барысында Ішкі істер министрлігінің өкілдері әлеуметтік желіде жиі айтылып жүрген "Хутор" қылмыстық тобына қатысты жауап берді.
Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Аленов бұл жайында: "Біздің есебімізде "Хутор" ұйымдасқан қылмыстық тобы тіркеуде тұрған жоқ. Күдіктілердің байланыстары тексерілді, олардың ұйымдасқан қылмыстық топтарға қатысы жоқ", – деп жауап берді.
Оның айтуынша, күдікті мен Шерзаттың әкесі бұрын таныс болмаған. Тергеу барысында күдікті дүкенге бірінші рет барғанын айтқан.
"Қылмыстық іске қатысты жәбірленуші тарапқа қысым көрсетіліп жатқан жоқ. Бүгінде қандай да бір ұйымдасқан қылмыстық топ жоқ. Қылмыстық іс бойынша жауапқа тартылып жатқан күдіктілер ішінде бұрын сотталған адамдар да бар. Көбі бұзақылық қылмыстар. Оқиға орнынан үш пышақ, бір мылтық алынды. Олардың кімге тиесілі екені анықталады", – деді Ішкі істер министрлігі тергеу департаменті бастығының орынбасары Самат Аисов.
Еске салайық, 4 қазанда Талғар қаласында болған қайғылы оқиға – кәмелет жасына толмаған Шерзат Болаттың өлімі қоғамдық резонанс тудырды. Осыған байланысты жеті адам қамауға алынды. Бұл істі бас прокурор мен ішкі істер министрі өз бақылауына алды.
Кейін, 12 қазанда Шерзат Болаттың үйі өртеніп кетті. Үй сыртынан канистр мен резеңке қолғап табылған.
Қалада қоғамдық тәртіпті Ұлттық ұлан әскері қадағалауда.