Тікелей эфир

Ғылым министрі жертөледегі дәрісхана жайлы: Мүмкіндігі шектеулі студенттерге жағдай жасау қажет

Саясат Нұрбектің айтуынша, мүгедек жандардың жоғары білім алуына, ғылыммен айналысуына кедергі көп.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек колледж бен университеттерде оқу кабинеттері, дәрісхана және зертханаларды жертөлеге салуға тыйымды алып тастау жөнінде пікір білдірді. Оның айтуынша, қазіргі қолданыстағы заңнамада мүмкіндігі шектеулі азаматтардың ғылымға келуіне жағдай жасалмаған.

"Біз аудит жүргіздік. Мүмкіндігі шектеулі студенттер жоғары білімге толыққанды қол жеткізе ала ма? Магистратура, докторантураға түссе, оқи ала ма? Осы мәселені тексеру кезінде үлкен олқылықтар бар екеніне көзіміз жетті", – деді министр.

Оның айтуынша, мұндай кедергілер ұлттық бірыңғай тестілеуден өтуден басталады.

"Мысалы, биыл ҰБТ тапсыруға көзі дұрыс көрмейтін талапкерлер келді. Олар өзінің жанына көмектесетін адамдарын кіргізуі керек. Бірақ, біздің ережелер бойынша біз мұндай адамдарға мүлде көмек көрсете алмайды екенбіз. Өйткені, мүмкіндігі шектеулі талапкердің жанына адам кіргізе алмаймыз, арнайы жабдықталған тест тапсыратын орындар жоқ. Мүлде жабдықталмаған және көзделмеген", – деді Саясат Нұрбек.


Оқи отырыңыз: Саясат Нұрбек ғалымдардың ғылымнан неге жаппай кетіп жатқанын түсіндірді


Министрдің айтуынша, зертхана, оқу-әдістемелік бөлмелері 2-3 қабатта орналасқан жоғары оқу орындарында мүмкіндігі шектеулі студенттердің жоғарыға көтеріліп-түсуі қиын.

"Көп университеттерде негізгі қолжетімділік қағидаттары кіреберістерде ғана сақталған. Ал жоғары қабаттарда ондай мүмкіндік те жоқ, оған ешкім қарамайды да", – деп түсіндірді министр.

Саясат Нұрбек қазір Ғылым және жоғары білім министрлігі осы мәселеге байланысты арнайы тұжырымдама әзірлеп жатқанын айтты.

Айта кетейік, енді колледждер мен жоғары оқу орындарында дәрісхана, оқу кабинеті, зертханаларды жертөлеге орналастыруға рұқсат беріледі. Бұл өзгеріс Сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтерге сәйкес келтіру мақсатында жасалып отыр.

Серіктестер жаңалықтары