Журналист Ержан Байтілес "Қазақ газеттері" ЖШС бас директоры қызметіне тағайындалды. Бұл туралы кәсіпорынның ресми сайты хабарлады.
"Ержан Байтілес – қазақ журналистикасында өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан қаламгер. Еңбек жолын ақпарат саласынан бастап, баспасөздің түрлі бағыттарында қызмет атқарды. Журналистік тәжірибесі мен редакторлық шеберлігін ұштастыра отырып, бұқаралық ақпарат құралдарында жауапты міндеттер атқарып келеді. Оның кәсіби жолы журналистиканың күнделікті тыныс-тіршілігінен бастап, басылымды ұйымдастыру мен басқаруға дейінгі бағыттарды қамтиды. Қаламгер ретінде қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп, ұлттық құндылықтар мен елдік мәселелерді ақпарат кеңістігінде насихаттауға атсалысты", – делінген хабарламада.
Соңғы жылдары ол Президент Баспасөз қызметінің Сектор меңгерушісі, ҚР Мемлекеттік кеңесшісінің Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары, ҚР Президенті баспасөз хатшысының орынбасары қызметтерін атқарды.
"Қазақ газеттері" ЖШС – қазақ баспасөзінде өзіндік орны бар іргелі медиа құрылымдардың бірі. Компания құрамындағы басылымдардың дәстүрі мен қалыптасқан журналистік мектебі жаңа басшыға үлкен жауапкершілік жүктейді.
Ұжымды осыған дейін басқарған филология ғылымдарының докторы, профессор Дихан Қамзабекұлы Құрылтай депутаты болып сайлануына байланысты бұл қызметтен босатылды.