Алматы облысы Ұйғыр ауданының Шонжы ауылындағы №1 мектепте бір кабинетте екі сынып оқушыларының қарама-қарсы қабырғаларға ілінген тақтаға қарап, сабақ оқып отырғаны бейнеленген видео әлеуметтік желіде тарады. Видеодан кабинет ортасы тым құрыса пердемен де бөлінбегені айқын көрінеді. Бұл туралы 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы хабарлады.
Алматы облысының әкімдігі мұндай жағдайдың болғанын растағанымен, қазір мәселенің шешілгенін мәлімдеді. Қазір сыныптар жеке-жеке кабинетте оқиды.
Дегенмен, Шонжы ауылындағы №1 мектептегі оқушылардың үш ауысымда оқу мәселесі тек 2023 жылы ғана шешілуі мүмкін.
"Бұл мектепте қазіргі таңда 2100 бала оқиды. Яғни, бұл мектеп үш ауысымдық. Үш аусымдық мектеп мәселесін жою үшін облыстық бюджеттен келесі жылға 900 орындық мектеп салу жоспарланған", – деді Алматы облысы әкімі баспасөз қызметінің жетекшісі Ғалымұрат Жүкел.
Еске салайық, осыған ұқсас жағдай өткен оқу жылында Алматы облысының Іле ауданы, Екпінді ауылындағы №2 мектепте болған. Бұл мектепте де екі сынып оқушылары бір кабинетте білім алған, алайда, мектеп басшылығы кабинетті шкафтармен екіге бөліп қойғанын хабарлағанбыз. Ол туралы төмендегі сілтеме арқылы өтіп оқуға болады.
Оқи отырыңыз: Алматы облысындағы мектепте 5 және 9 сынып оқушылары бір кабинетте оқиды. Сынып іші шкафпен бөлінген
Алматы облысында қазір 52 мектеп оқушыларды үш ауысыммен оқытып жатыр.