Алматыда балалардың магнитті шариктерді жұтып қою жағдайы әлі де тіркеліп жатыр. Жыл басынан бері Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына осындай жағдаймен 15 бала жеткізілген. Ал бір кезекшілік кезінде үш балаға шұғыл ота жасауға тура келген. Бұл туралы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.
"Алғашқы науқас – 2 жастағы бала. Ол ауруханаға іші ауырған соң жеткізілген. Тексеру барысында дәрігерлер ағзасынан бөгде заттарды анықтап, шұғыл ота жасаған. Хирургтер баланың ішінен 25 магнит алған. Бірнеше сағаттан кейін ауруханаға 2,5 жастағы тағы бір бала түскен. Ол құсып, іші ауырған. Тексеруден соң дәрігерлер шұғыл ота жасап, ағзасынан 9 магнит алып шықты. Бала операциядан кейін 10 күн стационарда ем қабылдаған. Үшінші бала кезекшіліктің соңына қарай ауруханаға жеткізілген. Жасы 4-ке де толмаған. Оның іші қатты ауырып, әлсіздік пен құсу белгілері байқалған", – делінген хабарламада.
Тексеру кезінде асқазан-ішек жолынан көптеген бөгде зат анықталған. Ота барысында баланың аш ішегінен 59 магнит алынды.
"Медициналық көмекке жүгінген сәтте қауіпті заттар аш ішектің қабырғасын тесіп үлгерген. Бұл 1 тамыздағы кезекшілік кезінде жасалған ең күрделі оталардың бірі болды", – деді Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығы қабылдау бөлімінің хирургі Айбол Сұлтанбеков.
Оқи отырыңыз: "Құжат пен дәрігерлердің сөзі сәйкес келмейді": Алматыда әйел мен шақалақ шетінеп кетті
Мамандардың айтуынша, бірнеше магнитті бір уақытта жұтып қою аса қауіпті. Олар ағзаның ішінде бір-біріне тартылып, ішкі ағзалардың қабырғасын қысып, зақымдауы немесе тесіп жіберуі мүмкін. Бұл ауыр асқынуларға әкеледі.
Дәрігерлер ата-аналарға магнитті шариктер мен осыған ұқсас ойыншықтарды кішкентай балалардың қолы жетпейтін жерде сақтауды ұсынады. Сондай-ақ баланың қандай ойыншықтармен ойнап жүргенін үнемі бақылап, магнит жұтып қойған болуы мүмкін деген күдік болса, дереу медициналық көмекке жүгіну қажет екенін ескертті.