2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында, дәлірек айтқанда 5 қаңтар мен 3 шілде аралығында Қонаев қаласының Отбасын қолдау орталығы мен Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі ауқымды іс-шараларды жүзеге асырды. Бұл жұмыстар тек статистикалық көрсеткіш емес, жүздеген тағдырдың жақсы жаққа өзгеруіне септігін тигізген шынайы қолдаудың көрінісі, деп мәлімдеді қала әкімдігі баспасөз қызметі.
Есепті кезеңде қалалық Отбасын қолдау орталығына 301 азамат жүгініп, оның 178-іне тікелей әлеуметтік көмек көрсетілді. Атап айтқанда:
- 102 отбасы ең қажетті азық-түлік пакеттерімен қамтамасыз етілді;
- 66 отбасыға демеушілер есебінен қаржылай қолдау көрсетілді;
- 10 азаматқа атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды.
"Орталықтың араласуымен бір бала балабақшаға, 5 бүлдіршін мектептің 1-сыныбына орналастырылса, 4 жасөспірім арнайы орта білім беру ұйымдарына жолдама алды. Ұйым ұзақмерзімді әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында 7 ересек азамат пен 4 кәмелетке толмаған жасты жұмыспен қамту шараларына тартты. Сондай-ақ, 3 азамат тұрғын үй кезегіне қойылды", – деді әкімдіктегілер.
"Бақытты қауіпсіз балалық шақ": Зорлық-зомбылықтың алдын алу және шұғыл көмек
Қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және қиын жағдайға тап болған отбасыларға дер кезінде көмектесу. Осы бағытта қалада 27 қолайсыз отбасы тұрақты бақылауға алынып, жүйелі жұмыс істелуде.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда неке мен отбасы құндылықтары мен қоршаған ортаны қорғау заң тұрғысында күшейтіледі
"Бақытты қауіпсіз балалық шақ" жобасы аясында 196 отбасы арнайы бағдарламалармен қамтылды. Бұған қоса, заманауи технологиялар мен жедел байланыс арналары сәтті қолданылуда. Мысалы:
- "111" байланыс орталығынан түскен 6 шұғыл сигнал бойынша;
- FSM Social жүйесі арқылы келіп түскен 450 дабылдық хабарлама бойынша азаматтарға дереу психологиялық, әлеуметтік және құқықтық көмек көрсетілді.
Сонымен қатар, қоғамда гендерлік теңдікті орнықтыру, отбасылық құндылықтарды дәріптеу және жастарға бағыт-бағдар беру мақсатында 10 ауқымды іс-шара (семинарлар, тренингтер, арнайы курстар) ұйымдастырылды.
Кедергісіз кеңістік және инклюзивті қоғам: Мүгедектігі бар азаматтарды қолдау
"Бүгінде Қонаев қаласында 1390 мүгедектігі бар азамат тұрады, оның 326-сы – балалар. Мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғам өміріне толыққанды араласуына жағдай жасау – мемлекеттік саясаттың ең маңызды бағыты. Қазіргі таңда қала бойынша әлеуметтік қызметтерді цифрландыру деңгейі жоғары. Мемлекеттік қызметтер электронды форматқа ауысып, проактивті сипатқа ие болды. Қызмет көрсету орындары пандустармен, тактильді белгілермен жабдықталып, өтініштерді қарау мерзімі айтарлықтай қысқарды", – деді әкімдіктегілер.
Оқи отырыңыз: "Психолог ұсынады". Отбасы құндылықтары туралы 5 кинотуынды
2026 жылдың басынан бері мүгедектігі бар азаматтарды оңалту құралдарымен қамтамасыз ету бағытында мынадай нақты көмектер көрсетілді:
- 396 адам – міндетті гигиеналық құралдармен;
- 113 адам – протездік-ортопедиялық бұйымдармен;
- 44 адам – кресло-арбалармен;
- 34 адам – тифло-техникалық, 14 адам – сурдо-техникалық құралдармен қамтамасыз етілді.
Сонымен қатар, 43 азаматқа жеке көмекшінің қолдауы ұйымдастырылып, 19 адамға ымдау тілі маманының қызметі рәсімделді. 71 адам санаторийлік-курорттық емдеу жолдамасына ие болса, тағы 71 азаматқа арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетілді. Қалада инватакси қызметі де тұрақты әрі қолжетімді жұмыс істеп тұр.