Тікелей эфир

"Басты себеп – жалақының аздығы". Атырау мектептерінде 600-ден астам мұғалім тапшы

Кейбір мектептің жөндеу жұмысы қыркүйекке дейін аяқталып үлгермейді.

Атырау мектептерінде 600-ден астам мұғалім жетіспейді. Әсіресе, математика, тарих пәндерінен беретін және бастауыш сыныптарға мұғалімдер қажет. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.

Атырау қалалық білім бөлімі басшысының қаржы және экономика жөніндегі орынбасары Ерлан Балмұхановтың айтуынша, орыс сыныптарына сабақ беретін 400 мұғалім тапшы.

"Математика пәнінен қазақ сыныптарына – 30, орыс сыныптарына 45 мұғалім жетіспейді. Ал тарих пәнінен сабақ беретін 25 мұғалім қажет. Мектептерде психологтардың орны бос тұр. Кадр тапшылығының басты себебі – жалақының аздығы. Оған қоса, педагогтер жұмысқа тұру үшін көптеген қиындыққа тап болады. Мұғалім болу үшін дипломмен бірге тиісті портфолио қажет. Комиссия біліктілік сәйкестігін тексереді. Содан кейін тест тапсыруы керек. Көбісі сол сынақтан өте алмайды. Егер мұғалімдер тестіні ойдағыдай тапсырса, онда мұғалімнің балалармен жұмыс істеуіне байланысты жеке қасиеті тексеріледі", – дейді Ерлан Балмұханов.


Оқи отырыңыз: Биыл 68 мектептің құрылысы аяқталып үлгермеді. Оқушыларға қандай жағдай жасалған?


Сондай-ақ, Атырауда кейбір мектептің жөндеу жұмысы қыркүйекке дейін аяқталмайды. №19, 22, 27, 31 және 13-мектепте жөндеу жұмыстары шілдеде басталған.

"Шартқа сәйкес жөндеу жұмыстарының мерзімі 3,5 айдан 6 айға дейінгі аралықта жүргізілуі тиіс. Мәселен, №22, 31 және 13-мектептердегі жұмыстарды 1 қыркүйекке дейін аяқтауға мүмкіндік бар. Ал №19 және 27-мектепті жөндеу жұмысының ауқымы үлкен. Сол себепті бұл білім ордаларының оқушыларын өзге мектептерде уақытша оқыту мәселесі қаралып жатыр", – деп хабарлады Ерлан Балмұханов.

Серіктестер жаңалықтары