Қазақстанда кей мектептерде алғашқы қоңырау мектеп қабырғасында емес, құрылыс алаңында соғылады. Өйткені құрылысшылар мектептердің жөндеу жұмысын уақытылы аяқтап үлгермейді, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
Оқу-ағарту министрлігінің дерегінше, дәл қазіргі уақытта 261 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоспар бойынша 193 білім ұясындағы құрылыс 1 қыркүйекке дейін бітеді. Ал елу бірінікі жылдың соңында, 17 мектептікі келесі жылдың басында аяқталуға тиіс. Ал мектептер пайдалануға берілгенше оқушылар басқа ғимараттарда білім алады.
Оқи отырыңыз: Мемлекеттік білім гранттары иегерлерінің тізімі жарияланды
Қазір жергілікті әкімдіктер оқушыларды уақытша орналастыруға болатын нысандар тізімін нақтылауға кіріскен. Әрі олар балаларды білім ұясына апарып, алып қайтуды ұйымдастыруға міндеттелгелі отыр.
"Әкімдіктерге оқу жылы басталғанға дейін қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қажетті шараларды қабылдау, оқу процесін ұйымдастыру және оқушыларды білім беру ұйымдарына және кері үйлеріне тасымалдауды ұйымдастыру үшін уақытша білім алу орындарын айқындау туралы ұсынымдар берілді", – деді ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз хатшысы Мереке Амангелдіқызы.