Тікелей эфир

Бақтияр Артаев: Бас бапкерге сендік. Бірақ бар жауапкершілікті оған итеріп, өзіміз судан тазамыз демеймін

Бокстан мемлекеттік жаттықтырушы Сербия біріншілігіне барарда ұлттық құраманың қайта жасақталатынын айтты.

Қазақстан бокс федерациясының бапкерлік мәселелері жөніндегі вице-президенті, бокстан ҚР құрамасының мемлекеттік жаттықтырушысы Бақтияр Артаев спортшылардың Токио олимпиадасындағы нәтижелеріне қатысты пікір білдірді. 

"Әр нәрсені өз атымен атайтын уақыт келді. Мұны сәтсіздік деп айтқан өте орынды шығар және өте төмен нәтиже көрсеттік. Барды бар деп айту керек. "19 млн жанкүйер бар" деп Құдайдың құтты күні айтып жатырмыз ғой. Көшеге шығып қалсаң, барлығы бокстың ахуалын, қалай бокстасқанын, балалардың қалай шыққанын айтады. Сондықтан да бұл – өте нашар көрсеткіш. Бұл жерде ешкім ешкімді ақтайын деп жатқан жоқ, болмаса өзіміз ақталайын деп жатқан жоқпыз. Жігіттер қолынан келгеннің барлығын істеді", – деді федерацияның бапкерлік мәселелері жөніндегі вице-президенті.

Жаттықтырушы әдеттегідей бас бапкерге көп сенім артқанын жасырмады. Десе де, оны боксшылардың төмен нәтижесі үшін кінәлаудан аулақ екенін айтты.


Оқи отырыңыз: Токио олимпиадасында төрт алтын медаль ұтып алған америкалық 44 мың доллар салық төлейді


"Ашығын айту керек, біз әдеттегідей бас бапкерге сендік. Бірақ бұл сөзіммен бүкіл жүкті бас бапкерге итеріп тастап, өзіміз судан тазамыз деп айтқым келіп отырған жоқ. Шын мәнісінде, бұл жерде жүйелі жұмыс жасалды: жарыстарға барды, оқу-жаттығу жиындары өтті. Бұрынғыдай ешкімді ешқайда алып барған жоқпыз, ешкімге тиіскен жоқпыз. Бірақ болатын нәтиже болды. Өкінішке орай, екі қолаға қол жеткіздік. Әдеттегідей Риодағыдай нәтиже бере алмадық. Риода өздеріңіз білесіздер, бір – алтын, екі – күміс, екі – қола болды. Осындай нәтижеге қол жеткізе алмағандықтан, сараптама жұмысын жасау керек", – деді спортшы.

Әрі қарай ол нақты қандай өзгерістер болатынына тоқталды. Айтуынша, ұлттық құрама қайта жасақталуы мүмкін. 

"Үш баланың өз орнына бара алмауына қатысты көп сұрақ туындады. Осыған байланысты қазір нақты шешім қабылдап, Сербияда болатын әлем біріншілігіне ұлттық құрама тізімін толықтай өзгертіп, жақсы командамен барып, жақсы нәтиже көрсетеміз деген ойдамыз. Өйткені, осындай нақты нық қадамдар баспасақ, дайындық кезінде кеңес өкіметінің дайындығынан әлі арыла алмай келе жатырмыз. Өйткені, күніне үш мезгіл дайындықтың өзі балаларға өте ауыр тиіп жатыр. Сондықтан дайындық кезеңін өзгертуіміз мүмкін, бапкерлер мәселесін де қарастырамыз және балалардың жейтін тағамдарын да өзгертетін шығармыз. Жұмыс жасалып жатыр, алда да жұмыс жасаймыз. Былайынша айтқанда, өте төмен көрсеткіш болды", – деді Бақтияр Артаев. 

Еске салсақ, спорт дәрігері психологиялық дайындықтың маңыздылығы туралы айтқан еді. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары