Қазақстан Ұлттық Банкі мен Ұлттық төлем корпорациясы банкаралық QR төлемдерін енгізу бойынша пилоттық жобаны іске қосты, деп хабарлайды Ұлттық Банк.
Бірінші транзакцияның көрсетілімі бүгін, 15 қарашада Алматыда өткен Қазақстан қаржыгерлерінің конгресі аясында екінші деңгейлі екі банктің қатысуымен өтті.
"Банкаралық QR төлем қызметі азаматтарға QR төлемдерін жылдам және ыңғайлы жүргізуге мүмкіндік беретін Ұлттық цифрлық қаржылық инфрақұрылымның (NDFI) құрамдас бөліктерінің бірі саналады. Атап айтқанда, банкаралық QR төлемдерін енгізу кәсіпкерлік субъектілеріне әртүрлі банктердің бірнеше терминалдарын орнату құнын төмендетуге, ал азаматтарға QR-код арқылы елдегі кез келген банктің терминалы арқылы төлем жасауға мүмкіндік береді", – делінген хабарламада.
Оқи отырыңыз: "Валюталық интервенция жүргізуге дайынбыз". Ұлттық банк теңгенің долларға шаққандағы құлдырауын түсіндірді
Банктер NDFI инфрақұрылымына қатысу аясында банкаралық транзакцияларды өңдеу құнын төмендету және клиенттерге төлем қызметтерін кеңейту есебінен шығындарды оңтайландыруға мүмкіндік алады.
"Қазіргі уақытта банкаралық QR төлем жүйесінің функционалдығы қамтамасыз етіліп, қатысушы банктерді кезең-кезеңімен қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жобаны масштабтау 2025 жылға жоспарланған", – делінген хабарламада.