ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова валюта нарығындағы жағдайға қатысты түсініктеме берді.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта біз жаһандық қаржы нарықтары тым қатты құбылып тұр. АҚШ-тағы президент сайлауындағы Дональд Трамптың жеңісі АҚШ долларын күшейтіп, дамушы елдердің валюталары, соның ішінде теңге де әлсіреген.
"Негізгі әлемдік валюталарға шаққандағы доллар бағамын көрсететін DXY индексі қыркүйек айының соңында 100,8 тармақта төмен мәнге жеткеннен кейін 5%-ға дейін нығайып, 105,5 тармаққа дейін өсті. ЕМ валюталарының индексі қыркүйек айының соңынан 4,2%-ға төмендеді (11 қарашадағы жағдай бойынша). Оның үстіне, мұнай котировкалары да қалыпты түрде төмендеп, 1 баррелі 74-75 АҚШ долларынан 71,83 АҚШ долларына дейін түсті (2024 жылғы 11 қарашадағы жағдай бойынша). Себебі, әлеуетті сауда баждары мен Дональд Трамптың президенттік кезеңінде АҚШ-тан көптеп мұнай жеткізудің өзі шамадан тыс артық ұсынысқа әкеледі деген экономистердің болжамы әсер етті", – деді Әлия Молдабекова.
Оқи отырыңыз: Республикалық бюджеттен 2025 жылға 25,8 триллион теңге бөлінеді
Маман сөзінше, 2024 жылғы қарашаның басынан бері ұлттық валютаның биржалық сауда-саттықтағы бағамы 1,4%-ға әлсіреп, 1 АҚШ доллары үшін 495 теңгеге жетті.
"Өкінішке қарай, спекулятивтік сипаттағы мәмілелердің көбейгені де байқалып отыр. Бұл да айырбас бағамын тым құбылтып жібереді. Өтімділік жеткіліксіз жағдайда бұл – бағамның айтарлықтай ауытқуына әкелуі мүмкін. Біз бұған дейін мәлімдегеніміздей, Ұлттық банк ұлттық валюта бағамына тән өзгерістерге мән бере қоймайды. Өйткені, мұның барлығы фундаменталды факторлармен дәйектелген. Алайда, соңғы күндердегі теңгенің құбылуына – тек қана фундаменталды факторлар ықпал етпей отырғанын айтуға мәжбүрміз. Осыған байланысты Ұлттық банк ұлттық валютаның құбылуын – шамадан тыс деп бағалайды", – деді Ұлттық банк өкілі.
Ол Ұлттық банк ішкі валюта нарығындағы жағдайды қадағалап отырғанын жеткізді.
Әлия Молдабекованың сөзінше, бұл үрдістер, әсіресе, спекулятивті көңіл-күй сақталған жағдайда, әділ бағам қалыптастыруды қалпына келтіру үшін және ұлттық валюта бағамының күрт өзгеруіне жол бермеу үшін Ұлттық Банк жедел әрекет етіп, валюталық интервенция жүргізуге дайын.