2-3 қазанда Астанадағы EXPO халықаралық көрме орталығында AI & Digital Bridge 2026 халықаралық форумы аясында Central Asia HealthTech & AI медициналық трегі өтеді. Оның барысында медициналық деректермен қауіпсіз алмасу, жасанды интеллектіні дамыту және медициналық стартаптарды қаржыландыру мен масштабтау мәселелері талқыланады.
Трекке халықаралық сарапшылар, қазақстандық медицина мамандары, медициналық ұйымдардың басшылары, инвесторлар және HealthTech компанияларының негізін қалаушылары қатысады.
Шара бағдарламасына сәйкес, 2 қазанда қатысушылар медициналық деректермен қауіпсіз алмасуды ұйымдастыру және дәрігерлер, пациенттер мен реттеуші органдар сенім білдіре алатын AI шешімдерін енгізу үшін қажетті жағдайларды талқылайды. Күн тәртібінде медициналық деректерді реттеудің халықаралық тәжірибесі, деректер алмасудағы кедергілер және клиникалық зерттеулердің Қазақстан мен жаһандық биофармацевтикалық индустрия арасындағы ынтымақтастықты дамытудағы рөлі қаралады.
3 қазанда талқылау HealthTech стартаптарын қаржыландыру мен дамытуға арналады. Сарапшылар инвестиция тарту үшін қандай клиникалық дәлелдер, команда және бизнес-модель қажет екенін, технологиялық әзірлемені нарықтық өнімге айналдыру және оны халықаралық нарыққа шығару жолдарын талқылайды.
Көрмеге қандай халықаралық сарапшылардың қатысуы жоспарланған?
- Вивиан Ли – Гарвард бизнес мектебінің Executive Fellow, Гарвард медициналық мектебінің аға оқытушысы, Verily Health Platforms (Alphabet/Google) компаниясының алғашқы президенті, University of Utah Health медициналық мектебінің бұрынғы деканы әрі бас директоры;
- Махмуд Адил – Катар денсаулық сақтау министрінің кеңесшісі, денсаулық сақтау саласын цифрлық трансформациялау бойынша халықаралық сарапшы. Ол 5 миллионнан астам адамды қамтитын ұлттық медициналық деректер қоймаларын басқарған;
- Сальваторе Дж. Вискоми – халықты скринингтен өткізу, ауруларды ерте анықтау және созылмалы аурулардың алдын алуға арналған AI шешімдерін әзірлейтін америкалық Carna Health компаниясының тең құрылтайшысы әрі бас директоры;
- Чарли Реджис – Қазақстан мен ТМД елдерінде жұмыс істейтін клиникалық зерттеулер және дистрибуция саласындағы Vantage компаниясының тең құрылтайшысы;
- Ван Цзяцин – Шанхай университетінің медициналық мектебімен аффилирленген Shanghai Yida Hospital жасанды интеллект орталығының ғылыми директоры;
- Дуг Корли – АҚШ-тағы ауылдық және ресурстары жеткіліксіз клиникаларға арналған құжат айналымы мен жұмыс процестерін автоматтандыруға арналған AI құралдарын әзірлейтін Sage Health компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры.
Еске салайық, медициналық тректі MedHub "Health AI Quality" Қазақстандық денсаулық сақтау менеджерлері қауымдастығымен бірлесіп ұйымдастырады. Шара денсаулық сақтау және мемлекеттік органдар өкілдерін, медициналық технологияларды әзірлеушілерді, зерттеушілер мен инвесторларды бір алаңға жинайды.