Алматының жеті ауданында 9-18 қыркүйек аралығында жылу жүйелеріне гидравликалық сынақ жүргізіледі. Жұмыс алдағы жылыту маусымына дайындық аясында атқарылады. Бұл туралы "Алматы жылу жүйесі" ЖШС хабарлады.
Магистральдық және тарату құбырларын тексеру күн сайын сағат 04:00-ден 07:00-ге дейін жүргізіледі.
"Жылу желілерін сынау кезінде қауіпсіздік шаралары қабылданғанымен, су құбырдан жер бетіне шығуы немесе жол жабынының ішінара бұзылуы сияқты жағдайлар болуы мүмкін. Осыған байланысты тұрғындар мен қала қонақтарына сақтық шараларын қатаң сақтау ұсынылды. Егер осындай жағдай байқалса, оған өз бетіңізше жақындамау және ешқандай әрекет жасамау қажет. Оқиға орнынан дереу кетіп, "Алматы жылу жүйесі" ЖШС-не 351-27-62 немесе 109 нөмірі арқылы хабарлау керек", – делінген хабарламада.
Гидравликалық сынақтар Алмалы, Бостандық, Әуезов, Наурызбай, Жетісу, Медеу және Алатау аудандарының бірқатар аумағын қамтиды.
9 қыркүйек:
- Алмалы және Бостандық аудандары – Қарасай батыр, Тимирязев, Шағабутдинов, Розыбакиев, Өтепов, Байзақов көшелері;
- Әуезов ауданы – Ұлықбек, Жандосов, Саин, Сәдуақасов көшелері;
- Наурызбай ауданы – Райымбек, Жүнісов, Абай, Алтын Орда аумағы;
- Жетісу ауданы – Айнабұлақ-1, 2, 3, 4, Көкмайса шағынаудандары және Ангарская – Мақатаев – Палладин – Павлодар көшелері.
9-10 қыркүйек:
- Алмалы, Медеу және Жетісу аудандарындағы Бөгенбай батыр – Мұратбаев – Мақатаев – Сейфуллин – Тобаяқов – Назарбаев – Райымбек – Куратов – Гоголь аумағы.
9-18 қыркүйек:
- Бостандық және Медеу аудандарының бірқатар аумағы, соның ішінде Мирас, Қазақфильм, Алмагүл, Орбита шағынаудандары, сондай-ақ Саин, әл-Фараби, Рысқұлбеков, Өтепов, Розыбакиев, Жароков, Тимирязев және басқа көшелер.
10-18 қыркүйек:
- Алмалы және Бостандық аудандарындағы Гоголь – Назарбаев – Сәтбаев – Желтоқсан – Тимирязев – Есентай өзені аумағы.
11-18 қыркүйек:
- Медеу, Алмалы және Бостандық аудандарының Гоголь – Курганская – Сәтбаев – Чайковский көшелері аралығы.
14-18 қыркүйек:
- Наурызбай, Алмалы, Алатау, Әуезов және Бостандық аудандарындағы бірқатар аумақ.
Сынақ жұмыстары 18 қыркүйекке дейін кезең-кезеңімен жалғасады. Аталған аумақтарда тұратын тұтынушылар үшін ыстық сумен жабдықтау толық көлемде сақталады. Гидравликалық сынақтардың мақсаты – жылу желілері мен жабдықтардың жай-күйін тексеру, құбырлардың проблемалы учаскелерін анықтау және қаланың жылу шаруашылығын алдағы жылыту маусымына дайындау.