Алматылықтар идеялық тұрғыда құндылығын жоғалтқан көшелердің атауын ауыстыру қажет екенін айтады. Олардың сөзінше, орталықта орналасқан даңғылдарға ел үшін шынайы қызмет еткен тұлғалардың есімін беретін кез жетті, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
1991 жылдан бері Алматы қаласындағы 2 мыңнан астам көшенің 1200-інің аты ауысқан. Қазір қалада атауы жоқ 188, ал аты қайталанатын 15 көше бар. Қалалық ономастика комиссиясы бірінші кезекте осы көшелердің мәселесі шешілуі қажеттігін алға тартады.
Ал қала зиялылары болса, тарихи тұлғалардың қала шетіндегі шағын көшелерге беріліп жатқанына наразы.
"Ұлттың көсемі Әлихан Бөкейханов көшесі қаланың шетінде тұр. Мағжан Жұмабаев та, Ілияс Жансүгіров көшелері де солай. Егер Тимирязов көшесіне Әлихан Бөкейханның атын берсе, ол көшеде көбінесе жастар жүретіндіктен оны танып-білуге талпынар еді", – дейді ақын Бағдат Мүбәрәк.
Ол қала орталығынан өткен ғасырдың иісі аңқып тұратынын айтады. Сөзінше, әлі күнге дейін қаланың күретамыры іспетті көп даңғылдың заты жаңа, аты ескі. Ақын көнерген атауларды қайта қарап, жаңартатын уақыт келді деп есептейді. Мәселен, қазақтың соңғы ханы Кенесарыға қаланың шетінен бір көшені әрең берсе, екінші шетінде – Мұстафа Шоқай көшесі. Ол да үзік-үзік. Ұлт көсемі Әлиханға да шолақ көше бұйырған.
Оқи отырыңыз:
Алматы қалалық тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің басшысы Болат Қалымбеттің айтуынша, 2021 жылы 118, биыл 10 көшеге атау берілген. Ономастикалық комиссия отырысы тоқсан сайын өткізіледі.
"Қайсы болса да, бір-бірімен иығы тең тұрған тұлғалар. Біреуін төмен, біреуін жоғары деп айта алмаймыз", – деді ол тарихи тұлғаларға шағын көшелер беру туралы сауалға берген жауабында.