Тікелей эфир

Алматы vs Алма-Ата. Қала бекініс кезінен бері қалай аталды?

Алмаз Төлекенің фотосы
Алмаз Төлекенің фотосы
2019 жылы наурызда Астана Нұр-Сұлтан болып өзгергеннен кейін Алматының атауын өзгерту, дәлірек айтқанда, Алма-Ата атауын қайтару туралы ұсыныс жиі айтылып жүр.

Алдымен тамыз айында Қазақстан президентінің экс-кеңесшісі, саясаткер Ермұхамед Ертісбаевтың мұндай ұсынысы қоғам ішінде талқыға түсті.

"Егер астана Нұр-Сұлтан деп дефис арқылы жазылса, мүмкін, баршамызға сүйікті әрі байырғы Алма-Ата атауын қайтаратын кез келген шығар?" – деген болатын Ертісбаев.

Одан кейін желтоқсан айында белгілі қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов те президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесу кезінде Алматыға бұрынғы Алма-Ата атауын қайтару керек екенін айтып, "мегаполис атауын өзгерту туралы петицияға алғашқылардың бірі болып қол қоюға дайынмын" деді. Тіпті, бұқаралық ақпарат құралдарында президенттің бұл бастаманы қолдайтыны туралы да ақпарат тарады. Алайда президенттің кеңесшісі Ерлан Қарин кейін бұл ақпаратты жоққа шығарды:

"Олжас Сүлейменов оңтүстік астананың атауын өзгерту туралы бұрыннан айтып келеді. Алайда президентпен кездесуде осы идеяны айтуы мемлекет басшысы оны қолдайды дегенді білдірмейді. Президент күш-жігерді Алматыны дамытудың өзекті мәселелеріне бағыттауды жөн санайды, бұл туралы ол ағымдағы жылғы 29-қазанда қала активінің отырысында айтқан болатын. Сонымен қатар, президент мұндай маңызды мәселелерді атүсті және халықтан жасырын шешуге болмайды, оны ел азаматтарының пікірін зерделеп, қала тұрғындары дауысының басым көпшілігін ескеріп шешкен жөн деп санайды".

Айта кетейік, бұл Олжас Сүлейменовтің қала атауын өзгерту туралы алғашқы ұсынысы емес. Бұл туралы ол "Экспресс К" газетіне берген "Истинная культура нации зиждется на благородном сочетании Знания и Веры" (№ 128 (17486), 17.07.2012) атты сұхбатында да айтқан еді.

Оқи отырыңыз: Ақмола, Целиноград, Астана. Енді Нұр-Сұлтан?

Верный бекінісі. Алматинск. Верный қаласы

Негізі, Қазақстанның оңтүстік астанасына қатысты екі даулы тақырып бар, оның бірі – қала тарихының мөлшері болса, екіншісі – осы атау мәселесі.

Қаланың мың жылдық тарихы қола дәуірінен басталады. Тарихшылар біздің заманымызға дейінгі ХХ-ХIХ ғасырда қазіргі қала аумағы ертедегі жер өңдеушілер мен малшылардың қонысы болды есептейді. Бұл туралы Алматы қаласының ресми интернет-ресурсынан толық оқуға болады. Қаланың Алматы атауы тек біздің заманымыздың ХХІІІ ғасырына жататын күміс дирхейінде (тиын) ғана жазылған.

Ал тым ерте уақытқа тереңдемейтін болсақ, қаланың жаңа тарихы Іле Алатауының баурайында Ресей империясының Верный әскери қамалы қаланған кезеңнен басталады. Бұл – 1854 жыл. Верный қамалының құрылысы осы жылдың күзінде аяқталған. Қамалға 1855 жылы казактардың бірінші тобы көшіп келсе, араға жыл салып келген орыс шаруалары қамал жанынан салынған Үлкен Алматы орталығына қоныстанған. Бес жылда тұрғындар саны бес мыңға жеткен.

1867 жылдың 11 сәуірінде Верный қамалының атауы Алматинск қаласы деп өзгертіледі. Алайда бұл атау ұзақ уақытқа созылмай, осы жылы-ақ "Дала комиссиясының" баяндамасы бойынша Верный қаласы болып тағы өзгереді. Тарихшы Гүлнәр Қозғамбаеваның "Алматы қаласы мен оның тарихи мәдени ескерткіштері" мақаласында географ Петр Семенов-Тянь-Шаньскийдің Алматы атауы туралы жазбасы келтірілген:

"Өзім Көксуға бара жатқан жолымда 11 тамызда (1886 жыл) мен Іле арқылы жүріп отырып, тамыздың аяғында Іледен арғы өлкеге, Верный бекінісіне немесе жергілікті тұрғындар айтатындай Алматы қаласына жеттім. Алматы қаласы Алматинка өзенінде орналасқан, шамамен алғанда Пизамен және Флоренциямен бір ендікте жатыр. Ресей үкіметінің Верный әскери бекінісін салудағы мақсаты Қазақстанның Оңтүстік аудандарын басып алу, Орта Азияны бағындыру болды. 1867 жылы 11 сәуірде Верный бекінісі қалаға айналып, оны Алматинск деп атау қабылданбай, осы жылы үкіметтің "Дала комиссиясы" баяндамасы бойынша қала Верный деп аталды".

Оқи отырыңыз: «Алматы-2050»: алғашқы бес жылдықта қанша қаражат жұмсалады?

Алма-Ата

Верный қаласының атауын Алма-Ата етіп өзгерту туралы шешім 1921 жылдың 5-ақпанында қабылданған. Бұл шешім бойынша Жетісу әскери-революциялық комитетінің бұйрығында "Қаланың революциялық орталық мәртебесін алуына байланысты Жетісу әкімшілік орталығының атауы Алма Атаға өзгертілді" деп жазылған. Арада 5 жыл өткенде Еңбек және қорғаныс кеңесі Түркістан-Сібір теміржолын салу жөнінде шешім қабылдап, ол астананың Алматыға көшірілуіне себеп болған. 1927 жылдың екінші наурызында ҚазАССР ОСК астананы Қызыл-Ордадан Алматыға көшіруге шешім қабылдады.

1926 жылы қала халқы 45 мың адамды құраса, 1929 жылдың күзінде қала халқы 100 мың адамға жеткен.


Торговая көшесі. Универмаг №1 - орталық жұмыс кооперативі. 1929 - 1930 жылдардың басы

Торговая көшесі. №1 универмаг - орталық жұмыс кооперативі. 1929 - 1930 жылдардың басы / Сурет Facebook желісіндегі "Клуб Алма-Ата (Алматы) – город моего детства" тобынан алынды


Алма-Ата атауы 72 жыл бойы қолданыста болды. Олжас Сүлейменовтер буынының бұл атауды қолдауының сыры да осы. Бұл уақыт ішінде қалада көптеген өзгерістер орын алды. 1936 жылы қаланың архитектуралық құрылысы жөнінде арнайы жоспар құрылды. Жоспардың басты мақсаты Алматы қаласын мәдени орталыққа айналдыру болды.

Оқи отырыңыз: Бүгін Алматыда дизайн кодының жобасы таныстырылады. Қала келбеті қалай өзгереді?

1941-1945 Ұлы Отан Соғысы жылдары Алматы қаласына майдан шегінен 30 өнеркәсіп орны, 8 госпиталь, 15 жоғарғы оқу орны, орта кәсіптік білім беру жүйесі, 20-ға жуық ғылыми зерттеу институттары, 20-дан аса мәдени орталықтар көшірілді. Ленинград, Киев, Мәскеу киностудиялары Алматыға ауыстырылды.

1941-1993 жылдар аралығында қаланың атауы ресми емес ортада қазақ тілінде Алматы, орыс тілінде Алма-Ата болып қатар қолданылған.


1950 жыл Фурманов және Комсомольская көшелерінің қиылысы

1950 жыл. Фурманов және Комсомольская көшелерінің қиылысы / Сурет Facebook желісіндегі "Клуб Алма-Ата (Алматы) – город моего.детства" тобынан алынды


Оқи отырыңыз: Алматының құрылысын жоспарлау кезінде қателіктер кеткен. Тоқаев кімдерге сөгіс жариялады, қандай тыйым салды?

1962-1963 жылдары Алматы қаласы 1980 жылға дейін төрт жоспарланған аумақ және сел жүретін аумақтарға үлкен өзгерістер енгізілді. Тек 1966-1971 жылдар аралығында қалада 1400 шаршы метр мемлекеттік және кооперативтік құрылыс тұрағы тапсырылды. Жыл сайын қалада 300 мың шаршы метр тұрғын үйлер салынды. Құрылыс барысында жер сілкінісіне қарсы көп қабатты үйлер салу ұйғарылды.

Бұрынғы Верный қаласының тарихи жоспарланған жүйесі 1968 жылы қабылданған Алматы қаласының бас жоспарында негізделді.

Құрылыста түрлендіру мен сәйкестендіру архитектуралық тұрпаттың әр түрлі болуына себебін тигізді. Мектеп, аурухана, мәдени орталықтар, солардың қатарында Ленин атындағы сарай, "Қазақстан" қонақ үйі, Медеу спорттық кешені сияқты құрылыс орындары салынды.


"Қазақстан" қонақ үйі 1975-1977 жылдары салынған. 26 қабат және 102 метр биіктігі бар

"Қазақстан" қонақ үйі 1975-1977 жылдары салынған. 26 қабатты ғимараттың биіктігі 102 метр / Фото Қала құрылысын бақылау бөлімінің facebook парақшасынан алынды


Алматы

Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін 1993 жылы Конституцияға сәйкес, Алма-Ата атауы Алматы болып өзгертілді. Ал 1997 жылы Қазақстан Республикасы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үкімімен ел астанасы Алматыдан Астанаға ауыстырылды.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары