Алматыда мамыр айының айтулы мерекелері – 7 мамыр Отан қорғаушылар күні мен 9 мамыр Жеңіс күніне арналған кең ауқымды мәдени және патриоттық іс-шаралар өтеді.
Әкімдіктің мәліметінше, мерекелік бағдарламаға салтанатты рәсімдер, концерттер, көрмелер, патриоттық кездесулер, кино көрсетілімдері және еске алу акциялары енгізілген.
7 мамыр – Отан қорғаушылар күні
Негізгі іс-шаралар таңғы 09:00-де "Сұңқар" халықаралық шаңғы трамплиндері кешенінде Мемлекеттік Ту көтеру рәсімінен басталады. Оған қала басшылығы, күштік құрылымдар мен әскери қызметшілер қатысады.
Сағат 10:00-де 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында мерекелік концерт өтеді. Бағдарламада Роза Рымбаева бастаған танымал өнер жұлдыздары мен шығармашылық ұжымдар өнер көрсетеді.
Қала аумағында сондай-ақ әскери ескерткіштерге гүл қою рәсімдері, қайырымдылық акциялары, патриоттық кездесулер мен театрландырылған қойылымдар ұйымдастырылады.
Ал 6–7 мамыр күндері музейлерде, комьюнити орталықтарда және мәдени мекемелерде танымдық сабақтар, көрмелер мен жастарға арналған патриоттық кездесулер өтеді. Almaty Gallery-де көрмелер ашылады, ал бірқатар аудандарда "кино-марафон" ұйымдастырылады.

9 мамыр – Жеңіс күні
Негізгі рәсім 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында өтеді. Таңертең Даңқ мемориалына гүл қою рәсімі, кейін мерекелік концерт ұйымдастырылады.
Ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне арналған арнайы дастархан жайылып, мерекелік ас беріледі.
Сонымен қатар, қаладағы барлық аудандарда ашық аспан астындағы концерттер мен мерекелік бағдарламалар өтеді: саябақтар мен скверлерде өнерпаздар өнер көрсетеді.
Кешкі уақытта амфитеатрда патриоттық фильмдер көрсетілімімен "Кино-марафон" жалғасады.